Қазақстанда амбулаториялық деңгейде тегін берілетін дәрілік заттардың тізімі жаңартылды. Биыл тізбеге 14 ауруды емдеуге арналған 22 заманауи препарат енгізілді деп жазады, SteppeNews.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылдан бастап амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді жекелендірілген жоспарлау жүйесін енгізген. Енді қажетті дәрі-дәрмек көлемі әр пациенттің жеке деректері мен оған тағайындалған емдеу тәсіліне қарай есептеледі.

Жаңадан анықталған науқастарды қажетті препараттармен қамтамасыз ету және емдеу барысындағы үзілістерге жол бермеу үшін дәрілік заттардың азайтылмайтын қоры да ұлғайтылды. Қазіргі уақытта ол сатып алынатын препараттардың жылдық жалпы көлемінің 35 пайызына дейін жетеді.
Сонымен қатар дәрі-дәрмектерді өңірлер мен медициналық ұйымдар арасында жедел қайта бөлу тетігі қарастырылған. Бұл қажетті препараттарды уақытылы жеткізуге және олардың тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді.

Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету аясында 76 ауру бойынша 2,1 миллион пациент дәрі-дәрмекпен қамтылады. Бұл мақсатқа шамамен 245 миллиард теңге бағытталған.
Денсаулық сақтау саласындағы негізгі міндеттердің бірі – әр пациентті қажетті препараттармен уақытылы қамтамасыз етіп, емдеу курсының үздіксіздігін сақтау.
Келесі материал: Тәжікстан ұлттық университетінің Конфуций институты үздік тіл орталығы атанды
