Қазақстан Ішкі істер министрлігі жасөспірімдерге терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Жыл басынан бері мұндай әрекетке барған 23 адам жауапқа тартылған. Олардың жетеуі – 14 пен 17 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
ІІМ мәліметінше, ерекше қауіп төндіретін әрекеттердің бірі – «сваттинг». Бұл телефон, электрондық пошта, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы ғимаратқа бомба қойылғаны, өрт қою немесе басқа да қауіп-қатерлер туралы жалған ақпарат тарату дегенді білдіреді.
Министірлік өкілдері кейбір жасөспірімдер мұндай әрекеттерді әзіл немесе назар аудартудың бір жолы ретінде қабылдайтынын айтады. Алайда оның салдары едәуір күрделі. Жалған хабарламаларға байланысты мектептер, ауруханалар және басқа да мекемелер эвакуацияланып, оқиға орнына полиция, құтқарушылар мен арнайы қызметтер жұмылдырылады.
Терроризм туралы жалған хабар таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Ата-аналарға балалардың интернеттегі белсенділігіне назар аудару ұсынылды. Бұл құқық бұзушылық үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар кінәлілер төтенше жағдайлар қызметтерінің жұмысына жұмсалған шығындарды қоса алғанда, келтірілген залалды өтеуге міндетті.
ІІМ ата-аналарға балаларының интернеттегі белсенділігіне, кіммен араласатынына және қандай әзілдерді қалыпты санайтынына назар аударуды ұсынды. Полиция интернеттегі анонимділік қылмыстық жауапкершіліктен құтқармайтынын да ескертеді.
Сондай-ақ азаматтарға қауіп-қатер туралы тексерілмеген ақпаратты таратпау және осындай жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлау қажеттігі айтылды.
Келесі материал: Қытайға барған қазақстандық туристке ең пайдалы тіл қазақ тілі болған
