Қырғызстан мен Өзбекстанда еңбек еткен азаматтардың екі елдегі сақтандыру өтілі зейнетақы тағайындау кезінде бірге есептеледі. Қырғызстан Жогорку Кенешінің Еңбек, денсаулық сақтау, әйелдер және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитеті құжатты бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады SteppeNews.kz.
Екі мемлекет арасындағы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімге 2026 жылғы 30 шілдеде Чолпон-Ата қаласында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Қырғызстанға мемлекеттік сапары кезінде қол қойылған.
Құжатқа сәйкес, азаматтардың Қырғызстан мен Өзбекстан аумағында жинаған сақтандыру өтілі өзара есепке алынады. Егер бір елдегі еңбек өтілі зейнетақы тағайындауға жеткіліксіз болса, екінші мемлекетте жинаған өтілі қосылады. Алайда бір уақыт аралығына сәйкес келетін еңбек кезеңдері екі рет есептелмейді.
Әр мемлекет зейнетақыны өз заңнамасына сәйкес тағайындап, төлейді. Төлем мөлшері тиісті ел аумағында алынған жалақы мен аударылған сақтандыру жарналарына қарай есептеледі.
Келісім жасына байланысты, мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайындағы зейнетақыны, зейнетақы жинақтарын, сондай-ақ жерлеуге берілетін жәрдемақыны қамтиды.
Сонымен қатар азаматтар тағайындалған зейнетақыны екі елдің кез келгенінде тұрып алуға құқылы болады. Төлемді жеткізу шығындары үшін ақша ұсталмайды. Алайда заң бойынша елде тұрақты тұруды талап ететін төлемдер бұл тәртіпке кірмейді.
Қырғызстанның Мемлекеттік салық қызметінің мәліметінше, 2025 жылы елде жұмыс істеген 8 288 Өзбекстан азаматы үшін 86,4 миллион сом көлемінде сақтандыру жарнасы төленген. Ал Сыртқы істер министрлігінің бағалауынша, Өзбекстанда шамамен 6 300 Қырғызстан азаматы еңбек етеді.м
Келесі материал: Қазақстанда балалардың цифрлық қауіпсіздігі туралы заң жобасы алғаш рет жасанды интеллект көмегімен әзірленді
