Алматы циркінің аренасында халықаралық EURO CIRCUS шоуы өтіп жатыр. Әлемнің бірнеше елінен келген әртістер қатысатын бағдарламада әуе акробатикасы, эквилибристика, гимнастика, клоунада және үйретілген жануарлардың қойылымдары ұсынылады, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Шоуға Бразилия, Қытай, Ресей, Беларусь, Италия және Африка елдерінен келген әртістер қатысады. Олардың қатарында қауіпті акробатикалық трюктерімен танымал Super Silva, қытайлық эквилибрист Cai Yong, Duo Kigo әуе гимнасттары, италиялық клоун Joy Costa және африкалық акробаттар бар. Сонымен қатар көрермендер Philip есімді теңіз арыстанының және үйретілген иттердің өнерін тамашалай алады.

Бағдарламаның ерекше нөмірлерінің бірі – Super Silva-ның әуе акробатикасы. Бразилиялық әртіс екі трапеция арасында сақтандыру құрылғыларынсыз қауіпті секірулер орындайды. Ал Қытайдан келген Cai Yong тепе-теңдікті сақтау өнерін көрсетеді. Ол Монте-Карлода өткен халықаралық цирк фестивалінің «Алтын сайқымазағы» жүлдесінің иегері.
Ресей мен Беларусь елдерінің әртістерінен құралған Duo Kigo әуе гимнастикасы арқылы күрделі элементтерді орындайды. Италиялық клоун Joy Costa қойылымдарға әзіл мен көңілді атмосфера қосса, африкалық акробаттар күш пен ептілікті қажет ететін нөмірлерін ұсынады.

Шоу бағдарламасында жануарлардың өнеріне де орын берілген. Көрермендер теңіз арыстанының қойылымын, сондай-ақ үйретілген иттердің өнерін көре алады. Осылайша, бағдарламада дәстүрлі цирк жанрлары мен түрлі акробатикалық бағыттар бір аренада көрініс табады.
Цирк өнеріндегі 150 жылдан астам тарих
EURO CIRCUS жобасының тарихы Италиядағы әйгілі Togni цирк әулетімен байланысты. Circo Togni 1873 жылы Италияда құрылған және елдегі танымал цирк әулеттерінің бірі саналады.
Цирк тарихы Аристиде Тогни мен талантты ат үстіндегі цирк әртісі Тереза Де Бьянкидің таныстығынан басталған. Пезаро қаласының тумасы Аристиде бұрынғы өмірін қалдырып, цирк өнеріне бет бұрады. Осылайша, кейін бірнеше буынға жалғасқан Тогни әулетінің негізі қаланады.

Бүгінде әулеттің тарихы алты буынды қамтиды. 150 жылдан астам уақыт бойы отбасы цирк дәстүрлерін сақтап, италиялық цирк өнерін әлемнің түрлі елдерінде таныстырып келеді.
Халықаралық EURO CIRCUS шоуы да әртүрлі елдердің мәдениеті мен цирк дәстүрлерін бір бағдарламада біріктіруге бағытталған. Қойылымдарда күрделі трюктер, әуе гимнастикасы, тепе-теңдік өнері, әзіл мен жануарлардың қатысуымен өтетін нөмірлер қамтылған.

Қойылым қашан өтеді?
EURO CIRCUS шоуын Алматы циркінде 29 қарашаға дейін әр сенбі және жексенбі күндері тамашалауға болады.
- Өтетін орны: Алматы циркі
- Өткізілу мерзімі: 24 қазан – 29 қараша
- Көрсетілім күндері: әр сенбі және жексенбі
- Билет бағасы: 2 000–10 000 теңге
Төрт жасқа дейінгі балаларға жеке орын берілмеген жағдайда кіру тегін. Билеттерді @circus_almaty парақшасындағы сілтеме арқылы сатып алуға болады.
Келесі материал: «Самұрық-Қазына» басшылығының ұсталуы: ұлттық және жеке компаниялар қандай сабақ алуы тиіс?
Посмотреть эту публикацию в Instagram
