Өзбекстанда 2030 жылға қарай велоспортпен айналысатын азаматтар санын 30 мыңға, тұрақты жаттығатын спортшылар санын 5 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ жаттықтырушылар саны 350-ге дейін артпақ. Ал ұлттық құрама Азия деңгейіндегі жарыстарда үздік үш команданың қатарына қосылуды мақсат етеді деп жазады, SteppeNews.kz Gazeta uz сайтына сілтеме жасап.
Өзбекстанда бұқаралық және кәсіби велоспортты дамыту, спортшылар мен жаттықтырушылар санын арттыру, ұлттық құраманың халықаралық жарыстардағы нәтижелерін жақсарту көзделген. Бұл шаралар президенттің 11 қарашада қабылдаған қаулысында қарастырылған.
Құжатқа сәйкес, 2030 жылға дейін велоспортпен айналысатын азаматтар саны 30 мыңға жетуі тиіс. Оның ішінде 5 мың адам тұрақты түрде жаттығуы керек. Ал жаттықтырушылар саны 350-ге дейін көбейтіледі. Ұлттық құраманың алдына Азиядағы ең үздік үш команданың қатарына ену міндеті қойылған.
Өңірлерде велоспорттың жекелеген бағыттары дамиды
Қаулыға сәйкес, әр өңірде велосипед спортының белгілі бір бағытына маманданған аудан немесе қала бекітілген.
Шосселік велоспорт Нукус қаласында, Әндіжан облысының Әндіжан ауданында, Сырдария облысының Хаваст ауданында және Хорезм облысының Гүрлен ауданында дамытылады.
Тректік велоспорт Наманган облысының Давлатабад ауданында және Ташкент қаласының Алмазар ауданында қолға алынады.
Тау велоспортының орталықтары Қашқадария облысының Шахрисабз ауданында, Сурхандария облысының Сариасия ауданында және Ташкент облысының Бостанлық ауданында орналасады.
BMX Racing бағыты Бұхара мен Жызақ қалаларында, ал BMX Freestyle Навои мен Ферғана қалаларында дамытылады. Самарқанд паравелоспорт орталығы болады.
Ташкент мектептеріне бес велосипедтен беріледі
2027 жылғы наурыздан бастап Ташкент қаласының әкімдігі қажетті инфрақұрылымы бар мектептерді велосипедтермен кезең-кезеңімен қамтамасыз етеді. Бұл тәжірибе оқушыларды велоспортқа тартуға және дарынды жас спортшыларды анықтауға бағытталған.
Экспериментке қатысатын әр мектепке бұқаралық қолданысқа арналған төрт велосипед және бір кәсіби велосипед беріледі.
Қатысатын мектептерді анықтау үшін олардың материалдық-техникалық базасына түгендеу жүргізіледі. Қаулыда қажетті инфрақұрылымға қойылатын нақты талаптар көрсетілмеген.
Сонымен қатар мектептерге спорт мектептерінен жаттықтырушы-селекционерлер бекітіледі. Олар велосипедтердің тиімді пайдаланылуын қадағалап, оқушылар арасынан қабілетті спортшыларды іріктеуге көмектеседі.
2027–2028 жылдары мектептерді велосипедтермен қамтамасыз ету және жаттықтырушылармен байланысты ұйымдастыру жұмыстары Ташкент қаласының бюджетінен қаржыландырылады.
2027 жылғы наурыздан бастап қажетті инфрақұрылымы бар мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында тұрақты түрде «Директор кубогы» веложарыстары өткізіледі.
Эксперимент нәтижесінде Ташкенттің тәжірибесін 2029 жылдан бастап Өзбекстанның барлық өңіріне кезең-кезеңімен енгізу жөнінде Үкіметке ұсыныстар әзірленеді.
Бұқаралық веложарыстар ұйымдастырылады
2027 жылғы наурыздан бастап түрлі әлеуметтік топтарға арналған жарыстар мен іс-шараларды тұрақты өткізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында:
- «Студенттер кубогы» – жоғары оқу орындарының студенттері арасында;
- «Директор кубогы» – мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында;
- «Сенің мүмкіндігің» – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған паравелоспорт жарыстары;
- «Жаңа Өзбекстан» – министрліктер мен ведомстволар қызметкерлері арасында;
- «Көктем ханшайымдары» – 8 наурызға арналған әйелдер веломарафоны;
- «Денсаулық жолы» – 22 қыркүйекте аталып өтетін Автокөліксіз күн аясындағы веломарафон.
Бұдан бөлек, махаллаларда бұқаралық жаттығулар мен велоспорт жарыстарын ұйымдастыру көзделген.
Кәсіби спортшыларды даярлауға көңіл бөлінеді
Велоспорт мектебі-интернаты мен Велоспорт федерациясына Ташкент облысының Газалкент қаласындағы шосселік велоспорт кешені және Наманган облысының Давлатабад ауданындағы велотрек базасы өтеусіз пайдалануға беріледі.
2027–2028 жылдары Ташкент облысының Бекабад ауданында BMX жаттығуларына арналған заманауи спорт кешенін салу жоспарланған.
2027 жылы Республикалық велоспорт шеберлігі мектебі спортшылардың физикалық көрсеткіштерін қашықтан бақылауға арналған 15 жабдық алады. Ал олимпиадалық және паралимпиадалық даярлықтың 14 орталығына бес-бес жабдықтан беріледі.
Велоспорт жарыстары жыл сайынғы аудандық және өңірлік спорттық іс-шаралар күнтізбесіне енгізіледі.
2027–2028 жылдары Велоспорт федерациясының әрбір аумақтық бөлімшесіне 20 кәсіби велосипедтен табысталады. Оның ішінде алты шосселік, алты тректік, екі тау велосипеді, екі BMX Racing велосипеді және паравелоспортқа арналған төрт велосипед бар.
Өңірлік әкімдіктер Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, Олимпиада лицензиясын алуға қажетті рейтингтік ұпайлар берілетін халықаралық жарыстарды қаржыландырады.
2027/2028 оқу жылынан бастап Республикалық велоспорт шеберлігі мектебіндегі паравелоспортпен айналысатын оқушылардың үлесін жалпы білім алушылар санының 20 пайызына жеткізу жоспарланған.
Сонымен қатар Спорт министрлігінің өтінімі негізінде шетелден шақырылатын спортшыларға, жаттықтырушыларға, велоспорт мамандарына және олардың отбасы мүшелеріне консулдық және өзге де алымдарсыз кіру визалары рәсімделеді. Ішкі істер министрлігі оларға көп мәртелік визалар мен уақытша тіркеуді беру және ұзарту жұмыстарын жүргізеді. Ал Жұмыспен қамту министрлігі шақырылған мамандарға еңбек ету құқығын растайтын құжаттарды рәсімдеп, мерзімін ұзартады.
Келесі материал: Астанада Президенттік олимпиаданың 47 жеңімпазы марапатталды
