Астанада жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша XIX Президенттік олимпиаданың қорытындысы шығарылды. Биыл республикалық кезеңге еліміздің барлық өңірінен 188 оқушы қатысып, олардың 47-сі жүлделі орындарға ие болды деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жастарды қолдау, білім мен ғылымға қызығушылығын арттыру және олардың зияткерлік қабілетін дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Президенттік олимпиада да осы мақсатта оқушылардың білімін жетілдіріп, ғылыми ізденіске ынталандыруға бағытталған.
Байқау нәтижесінде 9 оқушы алтын, 14 оқушы күміс, 24 оқушы қола медаль иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Оқу-ағарту вице-министрі Сергей Компаниец қатысты. Ол оқушыларды жетістіктерімен құттықтап, зияткерлік жарыстардың дарынды жастардың әлеуетін дамытудағы рөлін атап өтті.
Президенттік олимпиаданың басты ерекшелігі – қатысушылардың математика, физика, химия және биология пәндері бойынша білімдерін қатар сынауы. Биыл байқаудың алғашқы кезеңіне 3 690 оқушы қатысқан. Іріктеу қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен 188 оқушы финалдық кезеңге өткен.
Сонымен қатар олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері белгіленген тәртіпке сәйкес жоғары оқу орындарына білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу кезінде басым құқыққа ие болады.
Айта кетейік, Президенттік олимпиада 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт ішінде оның қорытынды кезеңіне 2 934 оқушы қатысып, барлығы 726 медаль табысталған.
Келесі материал: Алматы циркінде халықаралық EURO CIRCUS шоуы өтіп жатыр
