Түркияның Адана қаласында 7–15 қараша аралығында «Мәдениет жолы» фестивалі өтеді. Бағдарлама аясында 23 алаңда 252 мәдени іс-шара ұйымдастырылады деп хабарлайды SteppeNews.kz mk-turkey.ru сайтына сілтеме жасап.
Түркияның оңтүстігіндегі Адана провинциясы Мәдениет және туризм министрлігі ұйымдастыратын «Мәдениет жолы» фестивалінің биылғы қорытынды кезеңін қабылдайды. Қалада фестиваль үшінші рет өткізіліп отыр.
9 күнге созылатын мәдени шаралар бағдарламасына концерттер, көрмелер, пікірталастар, фотомарафон, шеберлік сабақтары және гастрономиялық іс-шаралар кіреді.
Меркез саябағындағы сахнада Ахмет Шафак, Сефо, Серкан Кая, Симге, Эбру Яшар, Демет Акалын және Мурат Боз өнер көрсетеді.
10 қарашада Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің қайтыс болған күніне орай Чукурова мемлекеттік симфониялық оркестрі Меркез саябағында «Ататүріктің сүйікті әндері мен ариялары» атты концерт ұсынады.
Адана музей кешенінде де бірнеше көрме ашылады. Олардың қатарында каллиграфия, қолжазбаларды безендіру өнері, керамикалық каллиграфия және цифрлық өнер туындылары топтастырылған «Үй» көрмесі бар.
Сонымен қатар «Осман империясының қасиетті жәдігерлері» атты көрмеде Ыстанбұл кесенелер музейі, Түрік және ислам өнері музейі мен Ыстанбұл археологиялық музейлерінің қорынан алынған бірегей экспонаттар ұсынылады.
Кешен аумағындағы Ауыл шаруашылығы музейінің фойесінде «Sunar ашықхаттар топтамасы: Адананың өнеркәсіптік өткенінен сыр шертетін жәдігерлер» көрмесі өтеді. Онда қаланың тарихына қатысты бұрыннан сақталған ашықхаттар көпшілікке таныстырылады.
Фестиваль бағдарламасында Адананың ұлттық тағамдарына да ерекше орын берілген. Қала асханасының дәстүрлі тағамдары мен ресми тіркеуден өткен жергілікті өнімдер таныстырылады.
Адана губернаторы Мұстафа Явуз фестивальге дайындық жұмыстары толық аяқталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қала ірі мәдени іс-шараларды өткізуге дағдыланған. Наурыз айынан бері мұнда театр фестивалі, «Апельсин гүлдеуі» карнавалы, кино және гастрономиялық фестивальдер ұйымдастырылған.
«Енді біз жылдағы соңғы ірі шара — «Мәдениет жолы» фестиваліне келіп жеттік. Оның сәтті әрі тыныш жағдайда өтуі үшін барлық дайындықты аяқтадық», — деді губернатор.
Сондай-ақ ол Адана музей кешені Түркиядағы ең ірі музей кешені екенін және әлем бойынша көлемі жағынан бесінші орында тұрғанын атап өтті.
Фестивальдің негізгі алаңдарының бірі — бұған дейін қалалық гастрономиялық фестиваль өткізілген Меркез саябағы. Бұдан бөлек, мәдени шаралар театрларда және қаланың тарихи кітапханасында да өтеді.
Келесі материал: Тоқаев қазақ тілі орфографиясын ретке келтіру жұмысын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды
