Алматыдағы Алатау дәстүрлі өнер театрында қазақтың белгілі ақыны Марфуға Айтқожаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Жыр аққуы – Марфуға» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Мерекелік шараға қаламгерлер, ақындар, өнер қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шара Алматы әкімдігінің қолдауымен өтті деп жазады, SteppeNews.kz.
Марфуға Айтқожа – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері әрі Алматы қаласының Құрметті азаматы. Ақын «Барыс», «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған. Оның туған жер, махаббат, адам сезімі мен халық тағдырын арқау еткен өлеңдері қазақ әдебиетінде өзіндік орын алады.

Мерейтойлық кештің шымылдығын дирижер Жексен Айсынның жетекшілігіндегі Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі ашты. Музыкалық шығармалар ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған поэзиялық композициялармен үйлесім тапты.


Кеш барысында Қазақстанның халық артисі Шахимардан Әбілов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Махмұт Тойкенов, Гүлзат Дәуірбаева, Әділет Жексенби, Тілебек Қожанұлы, Еркін Шүкіман, Қабылаш Әбікейұлы және халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрсұлтан Сабиров өнер көрсетті.
Бағдарламадағы қойылымдардың бірі актер Болат Әбділманов орындаған «Абай аманаты» монологы болды. Сондай-ақ «Алатау» театрының әртістері ақын шығармашылығына негізделген «Аққу жүрек» атты поэзиялық композицияны көрерменге ұсынды.


Шығармашылық кешке Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов пен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы да қатысты. Олар Марфуға Айтқожаны мерейтойымен құттықтап, ақынға ізгі тілектерін білдірді.

Кеш соңында Марфуға Айтқожа жиналған қауымға алғысын айтып, Алматы әкімдігіне, ұйымдастырушыларға, өнер көрсеткен әртістерге және мерейтой қуанышын бөлісуге келген қонақтарға ризашылығын жеткізді.
Келесі материал: Болоньяда ауыл шаруашылығы техникасының халықаралық көрмесі өтіп жатыр
