АҚШ-тың Хьюстон қаласында Қазақстан Республикасының күні ресми түрде мойындалды. Мэр Джон Уитмайрдың атынан қала әкімшілігінің өкілдері Texas Qazaq Foundation қорына Қазақстанның ұлттық мерекесіне арналған арнайы прокламация табыстады.


Мерекелік гала-кешке Техастағы қазақ қауымдастығының өкілдері, америкалық қонақтар, кәсіпкерлер мен іскерлік орта өкілдері қатысты. Іс-шара Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланысты нығайтуға, ұлттық бірегейлік пен тәуелсіздіктің маңызын дәріптеуге арналды.
Хьюстонда Қазақстанның консулдық өкілдігі ашылады
Кеш барысында Қазақстанның Хьюстондағы Бас консулы Ғабидулла Оспанқұлов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қалада Қазақстанның ресми консулдық өкілдігі ашылатынын хабарлады.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Хьюстонда Қазақстанның ресми консулдық өкілдігі ашылады. Оның ашылуы мен жұмысын бастауы жақын уақытта күтіледі», – деді Ғабидулла Оспанқұлов.
Бұл жаңалық Техаста тұратын қазақстандықтар үшін маңызды қадам болмақ. Жаңа өкілдік отандастардың тарихи отанымен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
Хьюстон – мұнай-газ саласындағы ірі әлемдік орталықтардың бірі. Бұл Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге де жол ашады. АҚШ Сауда қызметінің Хьюстондағы өкілдігінің директоры Джейсон Уилсонның айтуынша, 2025 жылы АҚШ пен Қазақстан арасындағы тауарлар мен қызметтер саудасының көлемі алғаш рет 7 миллиард доллардан асқан.
Республика күні шетелдегі қазақтарды біріктірді
АҚШ-та тұратын қазақстандықтар үшін Республика күні – туған елмен байланысты сезініп, тәуелсіздік пен ұлттық құндылықтарды еске алатын ерекше мереке.



Салтанатқа қатысқан Салтанат пен Андрас Ортутай бұл күннің маңызын атап өтті.
«Республика күні – ең алдымен тәуелсіздік, егемендік және болашаққа деген сенім. Бұл – біздің еліміз, халқымыз», – деді олар.
Қонақтардың бірі Ақтоты Қабыл Texas Qazaq Foundation қорына Техастағы қазақтарды біріктіріп отырғаны үшін алғыс білдірді.
«Туған жерден алыста өмір сүргенде, Қазақстанды ерекше сағынамыз. Елімізді жақсы көреміз және ұлттық мерекелерімізді ерекше жылылықпен атап өтеміз», – деді ол.
Қордың директорлар кеңесінің мүшесі Нұртас Мұқашев та Республика күнінің шетелдегі қазақтар үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кездесулер ұлттық мәдениетті сақтауға және кейінгі ұрпаққа жеткізуге ықпал етеді.
Қазақ мектебінің оқушылары өнер көрсетті

Кеш Қазақстан мен АҚШ-тың мемлекеттік әнұрандарын орындаудан басталды. Houston Qazaq School оқушылары қазақ биін билеп, ән айтып, домбырада күй орындады.


АҚШ-тағы алғашқы қазақ мектебі саналатын Houston Qazaq School 15 жылға жуық уақыттан бері балаларға қазақ тілін, мәдениеті мен дәстүрлерін үйретіп келеді. Алғашында 10 оқушыдан басталған мектепте қазір 80-ге жуық бала білім алады.
Сегіз жастағы Элиана Әділ қазақ мектебінің өзіне туған тамырын тануға көмектесетінін айтты. Мұнда балалар тіл үйреніп, ұлттық билерді меңгеріп, халықтың мәдениеті мен дәстүрлері туралы білім алады.
Қазақы құндылықтарды сақтауға жастар да үлес қосып жүр. Мектеп түлектері мен олардың құрдастары Kazakh Americans Youth Union ұйымын құрып, жас қазақ-америкалықтарды біріктіруді және олардың ұлттық мәдениетпен байланысын нығайтуды көздейді.
Кештің басты сәттерінің бірі – Қазақстаннан арнайы шақырылған әнші Мирас Жүгінісовтің концерті болды. Көрермендер әндерге қосылып, өнерпаздың орындауын бірге тамашалады.


Қонақ Ақмарал Жүсіпова концерттің ерекше әсер қалдырғанын айтып, Қазақстанға бейбітшілік пен өркендеу тіледі.
Қазақ кәсіпкерлері қауымдастыққа қолдау көрсетті
Гала-кештің ұйымдастырылуына Хьюстонда бизнес жүргізетін 12 қазақстандық кәсіпкер демеушілік жасады. Іс-шара барысында Texas Qazaq Foundation атқарушы директоры Алаш Меңдібаев оларға қолдауы мен үлесі үшін марапаттар табыстады.
Демеушілердің бірі Азамат Тәттібай қазақ диаспорасымен тығыз байланыста болу және балаларына қазақ мектебінде білім алу мүмкіндігін беру мақсатында Питтсбургтен Хьюстонға көшкен. Ол отандастарға қолдау көрсету өз міндеті деп санайды.
Азамат Тәттібай сонымен қатар Steel Tower Realty компаниясын дамытып келеді. Компания тұрғын үй жылжымайтын мүлкіне инвестиция салып, үйлерді сатып алып, қалпына келтіріп, қайтадан нарыққа шығарады.

Texas Qazaq Foundation жаңа жобаларды жоспарлап отыр
Texas Qazaq Foundation екі жыл ішінде Техастағы қазақстандықтарды біріктіруге бағытталған бірқатар бастаманы жүзеге асырған. Олардың қатарында АҚШ-тағы қазақ кәсіпкерлеріне іскерлік байланыс орнатуға көмектесетін Steppe Business Club және америкалық колледждер мен университеттерде оқитын қазақстандық жастарды біріктіретін студенттік форум бар.
Қор Наурыз мерекесін атап өтуге, мәдени және білім беру іс-шараларын өткізуге де атсалысады. Ұйымның ұзақ мерзімді жоспарларының бірі – Техаста қазақ қауымдастығына арналған орталық ашу. Ол мәдени шаралар, білім беру жобалары мен жастар бастамаларына арналған тұрақты орын болмақ.
АҚШ-та 2007 жылдан бері тұратын алматылық Мақсат Иманғазинов соңғы екі жылда қазақстандық қауымдастықтың ұйымшылдығы арта түскенін айтты. Оның пікірінше, Хьюстон қаласының Республика күнін ресми мойындауы және консулдық өкілдіктің ашылуы қауымдастықтың дамуына жаңа серпін береді.
Хьюстондағы мереке тәуелсіздіктің тарихи оқиғамен ғана шектелмейтінін көрсетті. Ол – ортақ жады, ұлттық мақтаныш және келер ұрпаққа туған елдің тарихы мен мәдениетін жеткізу жауапкершілігі.
Келесі материал: Алматыда үздік кітап оқырмандары марапатталды
