Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хайке Пайчпен кездесті. Министр елшіні дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтады. Кездесуде тараптар өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру арқылы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Бұл туралы SteppeNews.kz ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Германия Қазақстанның Еуропадағы негізгі экономикалық серіктестерінің бірі саналады. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 13,4%-ға өсіп, 4,5 млрд долларға жетті. 2005 жылдан бері Германиядан тартылған инвестицияның жиынтық көлемі 8 млрд доллар болды. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 1100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында Knauf, CLAAS, HORSCH және Heidelberg Materials компаниялары бар.
Алдағы кезеңде ынтымақтастықты кеңейту аясында жұмыс істеп тұрған өндірістерді дамыту, жергілікті өндіріс үлесін арттыру және қазақстандық жеткізушілерді тарту көзделген. Сонымен қатар қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайтуға және қазақстандық өндірушілердің Германия нарығындағы орнын нығайтуға басымдық берілмек. Бұл бағыттағы жұмыстар 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасы негізінде жүргізіледі.
Кездесуде Орталық Азияның өңірлік байланыстар мен халықаралық саудадағы рөліне де назар аударылды. Хайке Пайч Германия мен Еуропа елдерінің сауда бағыттарын кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығуы үшін аймақтағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтті.
Серік Жұманғарин Орталық Азияның даму перспективалары оңтүстік бағыттағы көлік қатынасын жетілдірумен байланысты екенін айтты. Қазақстан көлік бағыттарын әртараптандыруға және өңір елдерімен байланысты нығайтуға мүдделі. Осы мақсатта Ауғанстан арқылы Пәкістанға шығатын теміржол салу жобасы қарастырылып жатыр. Қазақстан, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері осы жоба бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған.
Хайке Пайчтың пікірінше, мұндай көлік бағыттарын дамыту Орталық Азия елдерімен қатар Германия үшін де маңызды. Өңір Еуропа мен Азия нарықтарын байланыстыратын маңызды буынға айнала алады. Бұл ретте теміржол қатынасымен бірге цифрлық коммуникацияларды, газ және мұнай құбырларын дамыту да сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты жалғастыруға және Қазақстан мен Германия арасындағы өзекті мәселелер бойынша тұрақты диалогті сақтауға келісті.
Келесі материал: CCI Kazakhstan ел экономикасына 130 млрд теңгеден астам инвестиция салды
