Алматыда «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық марафоны аясында жастар арасында өткен кітап оқу чемпионатының қорытындысы шығарылды. Жобаға 200-ден астам адам қатысып, әдеби шығармаларға арналған 100-ден астам бейнерецензия жариялады. Үздік деп танылған алты қатысушы ақшалай сыйлықтарға ие болды. Бұл туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері мәлімдеді деп хабарлайды SteppeNews.kz.

Марапаттау рәсімі Республика күні қарсаңында Satbayev University-де өтті. Байқауды қалалық Жастар саясаты басқармасының қолдауымен Skill All жобалық кеңсесі ұйымдастырды.
Қатысушыларға төрт шығарманың бірін таңдап оқу ұсынылды. Олардың қатарында Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Олжас Сүлейменовтің «АЗ и Я», Мари Фавероның «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» және Арман Әлменбеттің «Тергеуші» кітаптары бар.
Байқау шарты бойынша жастар бір минуттан үш минутқа дейінгі бейнерецензия дайындады. Олар шығарманың мазмұнын баяндап қана қоймай, негізгі ойын талдап, автордың идеясын түсіндіріп, өз тұжырымдарын ұсынуы керек болды.
Қазылар алқасы шығарманы түсіну деңгейін, дәлелдердің негізділігін, пікірдің дербестігін және ойды жеткізу қисынын бағалады. Бейнетүсірілім сапасы негізгі өлшем ретінде қарастырылмады.
Чемпионат қорытындысында алты жүлдегер анықталды. Марапаттау рәсімінде Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысанәлиев кітап оқуды насихаттау Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай жобалар білімге, жауапкершілікке және дербес ойлауға негізделген «Адал азамат» тұжырымдамасымен де сабақтас.

«Кітап оқитын ұрпақ – ойлы ұрпақ. Ал ойлы ұрпақ – ел болашағын қалыптастыратын басты күш. Бүгін қатысушылар ақпаратты жай ғана қабылдап қоймай, оны талдай алатынын, пікір білдіріп, ұстанымын дәлелдей білетінін көрсетті. Дәл осындай жастар Қазақстанның зияткерлік дамуының негізіне айналады», – деді Мирас Нысанәлиев.
Ол ел тарихын білу, ана тіліне құрметпен қарау және білімге ұмтылу маңызды екенін де айтты.
Алматыда 769 мыңнан астам жас тұрады және 36 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Қалада білім беру жобаларын қолдау жастар саясатының маңызды бағыттарының бірі саналады. Қала әкімі Дархан Сатыбалды белгілеген басымдықтардың қатарында білім сапасын арттыру және жастардың қабілетін дамытуға жағдай жасау міндеттері бар.
Марапаттау рәсіміне Satbayev University, білім беру ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылар кітап оқуды насихаттайтын іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр.
Келесі материал: Қазақстан мен Оман арасындағы әуе қатынасы кеңейді
