Алматыда Республика күніне орай мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімі өтті. Қала әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін 89 алматылықты марапаттады. Олардың қатарында өнеркәсіп, коммуналдық шаруашылық, медицина, білім беру, мәдениет және спорт салаларының өкілдері бар деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Салтанатты рәсімде Дархан Сатыбалды 1990 жылғы 25 қазанда Алматыда Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғанын еске алып, бұл құжаттың Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуындағы тарихи маңызын атап өтті.
«Республика күні – мемлекеттілігіміздің, бірлігіміз бен ел болашағына деген ортақ жауапкершілігіміздің символы. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мерекенің ұлттық рухты, мемлекеттілікті, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтатынын атап өткен болатын. Бүгінде осы құндылықтарды сақтау, әр адамның еңбегін құрметтеу және Қазақстанның одан әрі дамуы жолында бірлесе жұмыс істеу айрықша маңызды», – деді қала әкімі.
Оның айтуынша, Алматы экономикасының көлемі 72 млрд долларға жуықтап, жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 30 мың доллардан асты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі де екі жыл қатарынан 1 трлн теңгеден асып отыр. Қалада 15 шағын өнеркәсіптік парк жұмыс істейді, ал шағын және орта бизнес саласында 860 мыңға жуық адам еңбек етеді.
Әкім кәсіпорындардың, коммуналдық қызметтердің, көлік жүйесінің, медициналық және білім беру ұйымдарының жұмысын қамтамасыз етіп жүрген азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті.
«Республика күні – мемлекеттілігіміздің, бірлігіміз бен ел болашағына деген ортақ жауапкершілігіміздің символы. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мерекенің ұлттық рухты, мемлекеттілікті, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтатынын атап өткен болатын. Бүгінде осы құндылықтарды сақтау, әр адамның еңбегін құрметтеу және Қазақстанның одан әрі дамуы жолында бірлесе жұмыс істеу айрықша маңызды», – деді Дархан Сатыбалды.
Мемлекеттік наградаларға түрлі сала мамандары ие болды. Өндірістік және техникалық сала қызметкерлері – «Алматы Қала Жарық» компаниясының техникалық қызмет көрсету маманы Мақұлбек Күзембаев, «Алматыжылужайэнерго» кәсіпорнының слесарі Константин Попов және «АКҚЗ» кәсіпорнының техникалық директоры Туглук Худайбердиев III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
Коммуналдық инфрақұрылым мен қоғамдық көлік саласының өкілдері, соның ішінде «Алматы тазалық» кәсіпорнының арнайы техника жүргізушісі Игорь Ганин мен «Алматыэлектротранс» компаниясының электробус жүргізушісі Жомарт Омаров «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.
Медицина саласында №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігері Виктор Караваев пен №5 қалалық клиникалық аурухананың директоры Сәуле Төлегенова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал №19 қалалық емхананың директоры Кәмшат Айтқазина «Шапағат» медаліне ие болды.
Білім беру саласының өкілдері арасында №212 мектеп-гимназиясының директоры Бибігүл Әбішева, Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейдің директоры Күлжан Шажабаева және №110 мектеп-гимназиясының директоры Руфинат Әлдіғазы бар.
Мәдениет пен өнер өкілдеріне де мемлекеттік наградалар табысталды. Олардың қатарында «Алматы әуендері» мемлекеттік кәсіпорнының солисі Құдайберген Бекіш бар. Сонымен бірге спорт, ғылым, бизнес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері марапатталды.
Жалпы, 89 адам мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтарға ие болды. Олардың қатарында III дәрежелі «Айбын», «Парасат», «Құрмет» және III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарының иегерлері, сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алған азаматтар бар.
Рәсім соңында Дархан Сатыбалды алматылықтарға адал еңбегі мен ел алдындағы қызметі үшін алғыс айтып, тұрғындарға денсаулық, бақ-береке және жаңа жетістіктер тіледі.
Республика сарайында мерекеге орай концерт өтті. Бағдарлама Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Сахнада Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева, Мейрамбек Бесбаев, Рамазан Стамғазиев, Медеу Арынбаев және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті. Концертке Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, AI Jazz Symphony оркестрі, Б. Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы және би ұжымдары қатысты. Көрермендерге «Жаса Қазақстан», «Атамекен», «Мекенім Қазақстан», «Қазақ Елі» әндері мен хореографиялық қойылымдар ұсынылды.
Келесі материал: Қазақстан мен Германия өнеркәсіп пен көлік дәліздерін дамыту мәселесін талқылады
