8–10 қазанда Шығыс Қазақстан облысында құсбегіліктен I Азия кубогі – «Шығыс Салбұрыны – 2026» халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Халықаралық спорттық-мәдени шара Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылдық округінің аумағында орналасқан «Бүркіт төбе» алаңында ұйымдастырылады. Турнирге Қазақстанмен қатар Мажарстан, Испания, Грузия, Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан кәсіби құсбегілер қатысады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шараның мақсаты – көшпелі өркениеттен келе жатқан саятшылық дәстүрін сақтау және насихаттау, сондай-ақ ұлттық спортты халықаралық деңгейде дамыту.
Жарыс барысында қатысушылар жыртқыш құстарды баптау, басқару және аңшылыққа салу шеберліктерін көрсетеді. Сонымен қатар әр елдің саятшылық мәдениеті таныстырылады.

Үш күндік бағдарлама
8 қазан турнирдің ұйымдастыру жұмыстарына арналады. Бозанбай ауылдық округіндегі этноауыл аумағында киіз үйлер тігіліп, қатысушыларды қарсы алу және тіркеу рәсімдері өтеді. Сондай-ақ мандаттық комиссияның отырысы ұйымдастырылып, жарысқа қатысушылар арасында жеребе тартылады.
9 қазанда сағат 10:00-де «Шығыс Салбұрыны – 2026» турнирінің салтанатты ашылуы өтеді. Осы күні іріктеу және жартылай финалдық кезеңдер ұйымдастырылады.
Бағдарламаға бүркітті 700 метр қашықтықтан қолға шақыру, тұлыпқа (шыраға) құс салу, сондай-ақ сұңқарлар мен қаршығалар арасындағы жарыстар кіреді. Қатысушылардың саятшылық жабдықтары да тексеріледі.
10 қазан – жарыстың негізгі күні. Сағат 10:30-дан бастап финалдық сайыстар өтеді. Еркін аңшылық бағдарламасында бүркіттер түлкіге, ал қаршығалар мен сұңқарлар қоян мен көгершінге салынады.
Ұлттық спорт түрлері де көрсетіледі
Халықаралық құсбегілік жарысымен қатар, қонақтар үшін қазақтың дәстүрлі спорт түрлерінен арнайы бағдарлама әзірленген.
Оның қатарында садақ ату, арқан тарту және ұлттық тұқымды тазы иттерінің жарысы бар. Көрсетілім бағдарламасында асау үйрету, жамбы ату, теңге ілу және «Толағай» ұлттық сайыстары ұсынылады.
Турнирдің жабылу салтанаты мен I Азия кубогінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 10 қазан күні сағат 16:30-да өтеді.
Салбурын деген не?

Салбурын – Орталық Азия халықтарының дәстүрлі аңшылық мәдениетінде қалыптасқан аң аулау науқаны. Қазақ арасында салбурынға саятшылар арнайы үйретілген аңшы құстарын, тазы иттерін және мерген садақшыларды ертіп шыққан. Мұндай аңшылық бір күндік серуен емес, бірнеше күнге созылатын, әсіресе қыс қамын жасауға бағытталған ортақ науқан болған.
«Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген Абайдың әйгілі жолдары қазақ даласындағы қысқы саятшылықтың маңызын аңғартады. Қыс түсе бастағанда аңшылар далаға шығып, түлкі, қасқыр сияқты аңдардың ізін аңдыған. Аңның інінен шықпай жатқан кездерінде аңшылар оны түрлі тәсілмен қозғалысқа келтіріп, кейін арнайы үйретілген құстармен аулаған.
Байырғы заманда салбурын аң еті мен терісін олжалау арқылы қыс қамын жасауға мүмкіндік берген маңызды дәстүрдің бірі болған. Әулет пен ауыл болып аңшылыққа шығу көшпелі қазақ қоғамындағы өзара көмек пен қауымдық байланысты да нығайтқан. Осылайша салбурын біртіндеп тек аң аулау тәсілі емес, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін танытатын дәстүрге айналды.
Құсбегілік туралы не білеміз?

Құсбегілік – жыртқыш құстарды қолға үйретіп, баптап, аңшылыққа пайдалану өнері. Бұл дәстүрде бүркіт, сұңқар, қаршыға және басқа да жыртқыш құстар пайдаланылады.
UNESCO мәліметінше, құсбегілік 4 мың жылдан астам уақыт бойы қалыптасып келе жатқан дәстүрлердің бірі. Алғашында ол аң аулап, азық табудың тәсілі болса, уақыт өте келе әлеуметтік және мәдени мәнге ие болған. Бүгінде дәстүр құстарды баптау мен аңшылық шеберлігімен қатар, табиғатпен байланыс және мәдени мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу тәжірибесі ретінде қарастырылады.
Құсбегілік тәжірибесі ұстаздан шәкіртке, отбасы ішінде және арнайы қауымдастықтар арқылы беріледі. Дәстүрдің маңызды бөлігіне құстарды өсіру, баптау, күту, қажетті құралдарды пайдалану және құсбегі мен жыртқыш құс арасындағы байланыс жатады.
2021 жылы «Falconry, a living human heritage» элементі UNESCO-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Қазақстан осы көпұлтты номинацияға қатысушы мемлекеттердің бірі болды.
«Шығыс Салбұрынының» тарихы
«Шығыс Салбұрыны» фестивалінің тарихы 2020 жылдан басталады. Алғашқы турнир 2021 жылы Ұлан ауданының Бозанбай ауылында «Қансонар» бүркітшілер турнирі ретінде ұйымдастырылған. 2022 жылдан бастап шара «Шығыс Салбұрыны» атауымен халықаралық деңгейде өткізіліп келеді. 2026 жылы фестиваль алғаш рет Азия кубогі мәртебесіне ие болды.
Биылғы додаға тоғыз елден құсбегілер қатысады. Бағдарламада бүркіт, қаршыға, сұңқар және ителгімен өтетін жарыстармен қатар, тазы жарысы, асау үйрету, жамбы ату, теңге ілу және басқа да ұлттық сайыстар қамтылған.
«Шығыс Салбұрыны – 2026» арқылы қазақтың саятшылық мәдениетін таныстырумен қатар, Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін көрсету көзделіп отыр.
Өтетін орны: Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Бозанбай ауылдық округі, «Бүркіт төбе» жері.
Өтетін күндері: 8–10 қазан 2026 жыл.
