23–25 қазан аралығында Моңғолияның «Мишеэль-Экспо» көрме орталығында ITM-2026 туристік көрмесі өтеді. Іс-шараны ширек ғасырдан астам уақыт бойы көрме ұйымдастырып келе жатқан Моңғолияның Туристік қауымдастығы өткізеді. Бұл туралы SteppeNews.kz Монголия сейчас сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Биылғы көрмеге Моңғолияның 21 аймағының өкілдері қатысады. Олар өз өңірлерінің туристік бағыттарын, жаңа қызмет түрлерін және жергілікті ерекшеліктерге негізделген туристік мүмкіндіктерін таныстырады.
Көрме туристік бизнес өкілдері үшін де кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Іс-шара барысында кәсіпкерлер серіктестер тауып, келісімдер жасау және туристік қызметтерді жаңа нарықтарға шығару мәселелерін талқылай алады.
ITM-2026 аясында туризм саласының мамандары мен сарапшыларына арналған іскерлік бағдарлама да ұйымдастырылады. Бағдарлама барысында Моңғолия және басқа елдердің мамандары туризм индустриясындағы әлемдік үрдістер, қонақжайлылық саласындағы инновациялар және туристік жобаларды дамыту мәселелері бойынша пікір бөліседі.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, көрме өңірлер мен бизнес өкілдерінің байланысын нығайтып, Моңғолиядағы туризм саласының дамуына ықпал ететін алаңдардың бірі болмақ.
Келесі материал: Астанада Қазақстан мен Ұлыбританияның авиация саласындағы ынтымақтастығы талқыланды
