Орталық Азия елдерінің медиа өкілдері Қытайдың оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясында өтіп жатқан «Көптүсті Гуйчжоу – 2026» XIX Халықаралық фотоөнер көрмесіне арнайы барды. Биылғы шараның басты тақырыбы — лайфстайл-туризм (sojourn / long-stay) концепциясы болды. Бұл — көрікті жерлерді асығыс аралап шығу емес, жергілікті мәдениетке, экологияға және тұрғындардың күнделікті өмір ырғағына терең бойлауды көздейтін ұзақ мерзімді саяхат форматы.

Дәстүрлі қонақүйлерден көне көшелерге дейін
Пресс-тур барысында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген БАҚ өкілдері Гуйян қалалық округіне қарасты көрікті Хуаси ауданын аралады. Сапардың басты нысандарының бірі «Сюньмэйли·Цинъинь» этно-қонақүйі болды. Бұл орын — дәстүрлі сәулет өнері, табиғи байлық пен заманауи инфрақұрылым тоғысып, ұзақ мерзімді демалыстың жаңа мәдениетін қалай қалыптастыратынын көрсететін жарқын үлгі. Сондай-ақ бағдарлама аясында журналистер Цинъянь көне қаласына барып, өңірдің тыныс-тіршілігімен, дәстүрлі қолөнерімен және ұлттық тағамдарымен танысты.

«Сюньмэйли» қонақүйі: асықпай демалу философиясы
«Сюньмэйли·Цинъинь» қонақүйі Гуйчжоудағы заманауи туризмнің мәдени мұраны саяхатшылар үшін бірегей тәжірибеге қалай айналдыратынын айқын көрсетті. «Сюньмэйли» атауы асықпай саяхаттау (slow travel) философиясын айшықтайды: мұнда отель тек түнейтін орын емес, эстетикалық серпіліс пен рухани тынығу кеңістігіне айналған. Кешен Хуаси ауданының табиғи ландшафтымен және көне қаланың сәулеттік келбетімен үйлесім тапқан. Әрі ғимаратты әрлеуде тек табиғи материалдар — жергілікті тас, ағаш және қытай зодчествосының дәстүрлі элементтері қолданылған.
Ойластырылған концепцияның арқасында қонақтар жергілікті өмір ырғағына бой үйретіп, асықпай жүріп ұлттық тағамдардан дәм тата алады және өңірдің этномәдени ерекшеліктерін зерттей алады. Бұдан бөлек, қонақүйдің интерьері мен ішкі ауласы фотоөнерге арналған дайын декорация іспетті жобаланған, бұл «Гуйчжоу сәуле мен көлеңке призмасы арқылы» фотокөрмесінің тақырыбымен дөп келді.

Шынайы әсерлер: шай сыйлаған меймандостықтан этно-киімдерге дейін
Медиатур қатысушылары үшін ұйымдастырылған ыстық әрі шынайы қабылдау сапарға ерекше атмосфера сыйлады. Қонақтарды жергілікті ыстық шаймен, өңірде өсірілген балғын жеміс-жидектермен қарсы алса, кіреберісте БАҚ өкілдерін акита-ину тұқымды сүйкімді төбет қуана қарсы алып, бүкіл делегацияның сүйіктісіне айналды.
Қонақүйдің этнографиялық галереясында журналистер провинцияның байырғы халықтарының мәдениетіне, тұрмысы мен дәстүрлеріне арналған экспозициямен танысты. Ал БАҚ өкілдерінің арасындағы нәзік жандылар қолмен кестеленген және дәстүрлі әшекейлермен безендірілген қыздардың ашық түсті этникалық киімдерін киіп көріп, жергілікті мұраны тереңірек сезіне алды.

Мәдени код: Мяо, Буи мұрасы және Мин дәуірінің қамалы
Гуйчжоудың мәдени ландшафты күнделікті өмірде сақталған көне дәстүрлерімен бірегей. Мяо халқының массивті күміс бас киімдері мен әшекейлері — жай гана салтанатты киім емес, әйелдер сызығы бойынша берілетін отбасылық қазына әрі амандық пен берекенің символы. Ал Буи халқының дәстүрлі батик басу өнері кем түспейді: бұл — балауыз бен табиғи индигоның көмегімен матаны салқын тәсілмен бояудың күрделі техникасы, оған қыздарды бала кезден үйретеді.
Ал Цинъянь көне қаласы 1378 жылы Мин династиясы тұсында қорғаныс қамалы ретінде қаланған. Оның еңселі тас дуалдары, массивті қақпалары мен тар көшелері соғыс тактикасын ескере отырып салынған, ал бүгінде олар серуендеуге арналған тамаша тарихи декорация қызметін атқарып тұр.

Думанды базар колориті мен Гуйчжоу дәмдері
Экскурсия Цинъянь көне қаласының тар көшелерімен жалғасты, мұндағы тарихи өткелдер бүгінде думанды базарға айналған. Сөрелер мен дүңгіршектер дәстүрлі бұйымдарға толы: кептірілген асқабақ-горлянкалар (сәттілік пен денсаулық символы), ағаштан ойылған тұмарлар, желпуіштер мен көне монеталары бар бойтұмарлар тізіліп тұр.
Цинъянь қаласының басты асы — дәстүрлі рецепт бойынша дәмдеуіштер қосып бұқтырылған әйгілі шошқа сирағы (Zhu ti). Жергілікті тұрғындар оны «сәттілік табаны» деп атайды. Сондай-ақ өңірдің визиттік карточкасы саналатын қышқыл-ащы соже (Suantang yu) да өте танымал. Мұнда тіпті: «Үш күн қышқыл ішпесең — буының босап кетеді» деген мәтел де бар.
Бұдан бөлек, Гуйчжоу — Қытайдағы ең экологиялық таза шай өңірлерінің бірі. Көше бойында жаңа жиналған көк шай толтырылған себеттер қойылған, олардың арасында әйгілі «Дуюнь Маоцзянь» (Duyun Maojian) сорты да бар.

Провинция контрастары: таза табиғат пен жоғары технологиялар
Гуйчжоу күрделі рельефіне байланысты ұзақ уақыт бойы оқшауланып келген еді: аумағының 92%-ын таулар мен карст ландшафттары алып жатыр. Бүгінде бұл географиялық фактор басты артықшылыққа айналды — провинция әйгілі сарқырамалары, үңгірлері мен жұмсақ климаты бар таза табиғат қорығына айналды.
Сонымен қатар, бұл өңір таңғалдырарлық контрастты көрсетеді: Гуйчжоу Қытай Халық Республикасының технологиялық хабына әрі «дата-астанасына» айналған. Мұнда Big Data деректерін сақтайтын ең ірі орталықтар орналасқан, ал тау аңғарлары әлемдегі ең биік көпірлермен жалғанған. Жоғары технологиялар мен көне ауылдардың мұндай көршілестігі лайфстайл-туризм форматын заманауи саяхатшылар үшін өте қызықты ете түседі.
Сапар Гуйчжоудың жай ғана туристік бағдар емес екенін көрсетті. Бұл — болашақ технологиялары, пәк табиғат пен ғасырлар қойнауынан жеткен дәстүрлер үйлесім тапқан, Орталық Азия тұрғындары үшін саяхаттың мүлде жаңа — саналы, жасампаз әрі шабыт сыйлайтын форматын ашатын бірегей кеңістік.
Келесі материал: Алматыда жылу беру 9 қазанда басталады
