Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) жүзбе-жүз өту үшін электронды кезек енгізіліп жатыр. Жаңа сервис азаматтарға қабылдауға алдын ала жазылып, өзіне ыңғайлы күн мен уақытты таңдауға мүмкіндік береді деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Жобаны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру аясында іске асырып жатыр. Электронды кезек арқылы азаматтар ұзақ уақыт кезекте күтпей, белгіленген уақытта МӘС бөлімінің қабылдауына келе алады.
Электронды кезек алдымен Ақмола облысында іске қосылды. Кейін сервис Алматы қаласында да енгізілді.
2026 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша электронды кезекті Ақмола облысында 2 580 адам, ал Алматы қаласында 3 030 адам пайдаланған.
Электронды кезекке Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жазылуға болады. Ол үшін азамат электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы порталға кіріп, Жеке кабинеттен «Куәландыруға жазылу» қызметін таңдауы қажет. Одан кейін өзіне ыңғайлы күн мен уақытты белгілейді.
Жүйе азаматтың тұрғылықты жеріне қарай тиісті медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімін автоматты түрде анықтайды.
Жазылу аяқталғаннан кейін азаматтың телефон нөміріне МӘС-тен өтетін күн мен уақыт, бөлімнің мекенжайы және талон нөмірі көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі. Қабылдауға үш күн қалғанда жүйе қосымша SMS арқылы еске салады.
Қажет болған жағдайда азамат Жеке кабинеті арқылы жазылуын тоқтата алады немесе басқа күн мен уақытқа ауыстырады.
Егер азамат белгіленген уақытта қабылдауға келмесе, оның кезегі автоматты түрде жойылады. Бұл туралы да тиісті хабарлама жіберіледі.
Электронды кезек жүйесі МӘС-тен өту тәртібін жеңілдетіп, азаматтардың күту уақытын қысқартуға және қабылдауды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жоба екі өңірде іске асырылғаннан кейін оның нәтижелері сараланып, электронды кезекті еліміздің барлық өңіріне енгізу мәселесі қаралады.
Келесі материал: Анкарада көне бұйымдар көрмесі өтеді: сирек тарихи заттар ұсынылады
