12–16 қазан аралығында Ташкентте заманауи өнердің XI Ташкент халықаралық биенналесі «Оқиғалар көкжиегі» («Горизонт событий») тақырыбымен өтеді. Бұл туралы SteppeNews.kz UzDaily ақпараттық сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Көрмеде шетелдік және өзбекстандық суретшілердің жұмыстары елордадағы жетекші музейлер мен галереяларда ұсынылады. Бағдарламаға Самарқандқа сапар да енгізілген. Бұл қонақтарға заманауи өнермен қатар Өзбекстанның тарихи мұрасымен танысуға мүмкіндік береді.
Ташкент халықаралық биенналесі 2001 жылдан бері екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Биылғы іс-шараның тақырыбы технологиялық және мәдени өзгерістер қарсаңындағы адамның жағдайына арналған.
Биеннале тұжырымдамасына сәйкес, ежелгі керуен жолдарының тоғысында орналасқан Ташкент «оазис» ретінде қарастырылады. Ол үміт пен жаңа мағыналарды іздеудің символы ретінде сипатталады.
Биенналенің салтанатты ашылуы 12 қазанда Орталық көрме залында өтеді. Кейінгі күндері экспозициялар Ташкент фотосурет үйінде, Камолиддин Бехзод атындағы Шығыс миниатюра өнері музейінде, Өзбекстанның Бейнелеу өнері галереясында және Икуо Хираяма атындағы Халықаралық мәдени керуен-сарайда ұсынылады.
Биеннале бағдарламасына перформанстар, шеберлік сабақтары және халықаралық ғылыми-практикалық конференция да енгізілген.
Іс-шара аясындағы жеке көрмелердің бірі — Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Чархпалак» экспозициясы.
Биеннале 16 қазанда аяқталады.
2024 жылы өткен заманауи өнердің X Ташкент халықаралық биенналесіне шамамен 30 елден 40-тан астам шетелдік суретші және басқа да өнер өкілдері қатысты.
Келесі материал: Алматыда Жапония мәдениеті күні өтті: жапон мәдениетінің түрлі қыры көрсетілді
