Қазақстан ұлттық құрамасының боксшысы Төрехан Сабырхан Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында чемпион атанды. Бұл туралы SteppeNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Төрехан Сабырхан финалда Иордания өкілі З. Ишашпен жұдырықтасып, төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Бұл – Қазақстанның Азия ойындарында бокстан соңғы 12 жылдағы алғашқы алтын медалі. Бұған дейін қазақстандық боксшылар 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында чемпион атанған. Ал 2018 жылы Джакартада және 2022 жылы Ханчжоуда өткен жарыстарда Қазақстан құрамасы бокстан алтын жүлдеге ие бола алмады.
Төрехан Сабырхан Азия ойындарына ұлттық құраманың негізгі спортшыларының бірі ретінде келді. 2025 жылы ол Ливерпульде өткен World Boxing ұйымының ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Сол жарыста Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.
Қазақстанда соңғы жылдары боксты дамытуға бағытталған жұмыстар да жүргізіліп келеді. Соның бірі – ұлттық құрамалар мен спорттық резервті даярлау жүйесін жетілдіруге арналған Боксты дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының бекітілуі. Құжатта жаттығу үдерісін жетілдіру, спорт инфрақұрылымын дамыту, ғылыми-әдістемелік және медициналық сүйемелдеуді күшейту, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағыттары қамтылған.
Бұл бағыттағы жұмыс жоғары жетістіктер спортымен қатар спорттық резервті даярлауды да қамтиды. Қазір Қазақстанда бокспен 153 мыңнан астам адам айналысады. Еліміздің 20 өңірінде 2 мыңнан астам жаттықтырушы жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 39 мыңнан астам бала бокс секцияларына қатысады.
Қазақстандық боксшылар халықаралық жарыстарда да жүлделі нәтижелер көрсетіп келеді. 2026 жылы ұлттық құрама Қытайда өткен Әлем кубогының кезеңінде бес алтын медаль жеңіп алды. Испаниядағы Boxam Elite халықаралық турнирінде қазақстандық боксшылар 17 жүлдеге, оның ішінде алты алтын медальға ие болды.
Төрехан Сабырханның Азия ойындарындағы жеңісі Қазақстан боксының 12 жылдық үзілістен кейін алтын медальға қайта оралғанын көрсетті.
Келесі материал: “Педагог мәртебесі туралы” заңға жеті жыл: қазақстандық мұғалімнің жағдайы қалай өзгерді?
Посмотреть эту публикацию в Instagram
