Алматылық спортшы Дамир Тоқтаров Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында қола жүлдеге ие болды. Бұл – Қазақстанның Азия ойындарындағы спорттық құзға өрмелеуден алған алғашқы медалі. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері айтты деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасай отырып.
19 жастағы спортшы Қазақстан құрамасы сапында «жылдамдық» санатында өнер көрсетті. Іріктеу кезеңінде Дамир Тоқтаров қашықтықты 4,76 секундта бағындырып, төртінші нәтиже көрсетті. Сонымен қатар ол Қазақстан рекордын жаңартып, жарыстың шешуші кезеңіне өтті.
Финалдық кезеңде Дамир Тоқтаров үшінші орын алып, Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Дамир Тоқтаров Алматы қаласының атынан жарысқа қатысады. Бұған дейін ол халықаралық жарыстарда Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп, жасөспірімдер арасындағы әлем және Азия чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған. 2024 жылы спортшы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алған.
Осылайша, Дамир Тоқтаров Қазақстан қоржынына Азия ойындарында спорттық құзға өрмелеуден алғашқы медальды салды.
Келесі материал: Алматының туристік әлеуеті Токиодағы халықаралық көрмеде таныстырылды
