Аляскадағы Катмай ұлттық саябағы мен қорығында жыл сайын өтетін Fat Bear Week байқауы биыл да жалғасты. Қысқы ұйқыға дайындалып жатқан 16 қоңыр аю жарысқа қатысып, көрермендердің онлайн дауысын жинайды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Fat Bear Week алғаш рет 2014 жылы ұйымдастырылған. Алайда алғашқы жарыс бір апта емес, «Fat Bear Tuesday» атауымен бір күн ғана өткен. 2015 жылдан бастап байқау толық апталық форматқа көшті.
Байқаудың басты мақсаты — жай ғана ең ауыр аюды анықтау емес. Жаз бойы лососьпен қоректеніп, қыста бірнеше ай бойы тамақсыз қалатын аюлардың тіршілікке бейімделуін көрсету.
Соңғы жеңімпаз кім?
2025 жылғы Fat Bear Week жеңімпазы — Bear 32, яғни Chunk. Ол өткен жылы алғаш рет чемпион атанды. Бұған дейін Chunk 2023 және 2024 жылдары финалға дейін жетіп, екінші орын алған болатын.

2025 жылғы байқауда Chunk-тың жеңісіне оның ірі дене бітімімен қатар, маусым барысында алған жарақатынан кейін қалпына келуі де әсер етті. Былтыр жарысқа әлемнің 100-ден астам елінен 1,7 миллионнан астам дауыс берілген.
Алайда 2026 жылы Chunk чемпиондық атағын қорғай алмады. 24 қыркүйектегі кезеңде ол Bear 164 Bucky Dent аюынан жеңіліп, жарыстан шығып қалды. Осылайша биыл жаңа чемпион анықталады.
Байқаудың бұрынғы жеңімпаздары
Fat Bear Week тарихында кейбір қатысушылар бірнеше мәрте жеңіске жеткен.
480 Otis 2014, 2016, 2017 және 2021 жылдары жеңіске жетті. 409 Beadnose 2015 және 2018 жылдары чемпион болды. 747 есімді аю 2020 және 2022 жылдары жеңіске жетті. Ал 128 Grazer 2023 және 2024 жылдары қатарынан чемпион атанды.

Grazer жарыс тарихында ерекше орын алады. Ол қатарынан екі жыл жеңіске жеткен алғашқы ұрғашы аю әрі байқау тарихындағы алғашқы чемпион ана аю болды.
Аюлар қысқы ұйқыға қалай дайындалады?

Катмай ұлттық саябағы мен қорығында шамамен 2,2 мың қоңыр аю мекендейді. Жаз кезінде олар қысқа дейін барынша көп қор жинауға тырысады. Негізгі азықтарының бірі — Аляска өзендеріне уылдырық шашуға келетін лосось.
Ересек аталық қоңыр аюлардың салмағы әдетте 270-410 келі аралығында болады. Лососьпен мол қоректенген ірі аталықтардың салмағы 450 келіден де асуы мүмкін. Қысқы ұйқы кезінде аюлар тамақ пен су қабылдамай, дене салмағының үштен біріне дейін жоғалтады.
Сондықтан байқауда «ең семіз» аюды анықтау арқылы жануарлардың қысқа дайындалу ерекшелігіне де назар аударылады.
2026 жылғы Fat Bear Week финалы 29 қыркүйекте өтеді. Сол күні көрермендердің дауыс беруі арқылы жаңа чемпион анықталады.
Келесі материал: Қытайда роботтар жұмыс істейтін әлемдегі алғашқы парк ашылды
