Қытайдың Чжухай қаласындағы Хэнцинь аралында роботтар қызмет көрсететін әлемдегі алғашқы әрі ірі жаңа форматтағы ойын-сауық кеңістігі іске қосылды. Мұнда роботтар ойын-сауықпен қатар экскурсия, ғылыми-ағарту және сауда қызметтеріне тартылған, деп хабарлайды SteppeNews.kz China Daily басылымына сілтеме жасап.
24 қыркүйектен бастап теңіз тақырыбына арналған Chimelong Spaceship саябағында 300-ге жуық робот тұрақты жұмыс істей бастады. Аумағы 397 мың шаршы метр болатын нысан 2024 жылдың ортасында ашылған.
Саябақта роботтармен жабдықталған 100-ден астам интерактивті нүкте іске қосылды. Олар келушілерге қажетті орындарды табуға, маршрут құруға және саябақ ішінде өздігінен бағдарлануға көмектеседі. Сондай-ақ роботтар келушілердің сұранысына қарай ақпарат беріп, экскурсия кезінде түсіндірме жасайды.
Ғылыми-ағарту бағытындағы роботтар мұхит пен теңіз әлемі туралы ақпаратты сұрақ-жауап, ойындар және интерактивті тапсырмалар арқылы ұсынады. Ал сауда және қонақүй саласында олар келушілерді қарсы алып, тауарлар туралы кеңес беріп, түрлі ақпараттық сұрақтарға жауап береді.

Роботтандырылған қызметкерлерді Шанхайда орналасқан AgiBot компаниясы әзірлеген. Компания адам тәрізді роботтар мен физикалық ортада әрекет ете алатын жасанды интеллект технологияларын дамыту бағытында жұмыс істейді.
Жоба Chimelong Group компаниясының туризм мен мәдениет саласына жаңа технологияларды енгізу жоспарының бір бөлігі саналады. Компания Гуанчжоу, Цинъюань және Хэнцинь қалаларында бірнеше ірі туристік кешенді басқарады.
Роботтарды ойын-сауық саябақтарында пайдалану Азияның басқа елдерінде де дамып келеді. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында роботтарға арналған ірі саябақтың 2028 жылы ашылуы жоспарланған.
Сонымен қатар биыл Париж бен Гонконгтағы Disney саябақтарында «Мұзды өлке» анимациялық фильміндегі Олаф кейіпкерінің бейнесінде жасалған роботтар пайда болды.
