Алматыда өткен дөңгелек үстелде 2030 жылға дейінгі капитал нарығын дамыту бағдарламасы мен жаңа заң жобасын талқылау отандық қаржы жүйесінің ең өзекті мәселесін айқын көрсетті. Реттеушілер жақсы көрсеткіштерді алға тартады: акциялар нарығының капиталдандырылуы екі есеге өсіп, 42 трлн теңгеге жетті, ал борыштық бағалы қағаздар көлемі 58 трлн теңгеден асты. Бірақ қарапайым қазақстандық немесе орта бизнес өкілі осы ауқымды сезініп отыр ма?
Дөңгелек үстел жұмысына қатысқан экономист, Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы Бауыржан Шурмановтың пікірінше, нарықтың формалды ауқымы мен оның нақты тереңдігі арасындағы алшақтық негізгі мәселелердің бірі болып қала береді. Ол Бағдарламада көзделген шаралар бұл жағдайды өзгерте ала ма және шын мәнінде бұқаралық әрі өтімді капитал нарығын қалыптастыру үшін тағы не қажет деген мәселелерді талдайды.
«Сыртқы динамиканың ар жағындағы нақты бастапқы көрсеткіштерді де көре білу маңызды: қазіргі уақытта нарығымыздың сыйымдылығы мен белсенді қатысушылар саны әлі де шағын база қалыптастырып отыр. Алайда демографиялық көрсеткіштер мен азаматтардың инвестицияға деген қызығушылығы тұрақты түрде өсіп келеді. Дұрыс ынталандыру тетіктері болған жағдайда бұл әлеует әлемнің дамушы экономикаларындағыдай бірнеше есе артуы мүмкін.
Қазір акциялардың жиынтық құнының шамамен төрттен үш бөлігі бес ірі ойыншының қолында шоғырланған, ал еркін айналымдағы акциялардың үлесі (free float) шамамен 21%-ды құрайды. Борыштық нарықта корпоративтік облигациялардың айналымдылығы 3% шамасында қалып отыр, ал 6–12%-бен берілетін субсидияланған кредиттер нарықтық 18–22%-бен классикалық борыштық бағалы қағаздар шығаруды жеке кәсіпорындардың басым бөлігі үшін тиімсіз етеді», – дейді Бауыржан Шурманов.
Бағдарлама нені өзгертеді: негізгі экономикалық бағыттар
Экономистің айтуынша, ұсынылған құжаттың негізінде қаржы секторының құрылымын трансформациялауға бағытталған жеті стратегиялық бағыт бойынша 35 бастама жатыр.
Біріншісі – зейнетақы жүйесі арқылы институционалдық сұранысты қайта іске қосу. Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарының 99%-дан астамы бірыңғай консервативті модель бойынша орталықтандырылған түрде басқарылады. Бағдарлама өмірлік циклге негізделген инвестициялық портфельдерді енгізуді көздейді: жас салымшылар үшін басымдық үлестік құралдар мен өсу әлеуеті жоғары акцияларға беріледі, ал зейнет жасына жақындаған сайын активтер біртіндеп тәуекелі төмен консервативті бағалы қағаздарға ауыстырылады. Жекелеген мандаттарды қазақстандық жеке басқарушы компанияларға кезең-кезеңімен беру корпоративтік секторды қаржыландыруға дайын ұзақ мерзімді қаражаттың тұрақты ішкі көзін қалыптастырады.
Екіншісі – бизнестің жария нарыққа шығуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою. Компанияларға облигация шығарғаннан гөрі субсидияланған кредит тарту оңайырақ болатын теңгерімсіздікті жою үшін бір жыл мерзімге арналған эмиссиялардың базалық проспектілері енгізіліп, тіркеу мерзімі бес күнге дейін қысқартылады. Агенттікті, биржаны және Орталық депозитарийді байланыстыратын эмитенттің бірыңғай цифрлық кабинеті енгізіледі. Өсіп келе жатқан орта бизнес үшін листинг демеушілері институты және жаңа ұйымдық-құқықтық нысан – жария емес акционерлік қоғамдар пайда болады. Бұл шамадан тыс бюрократиялық жүктемесіз акционерлік капитал тартуға мүмкіндік береді.
Үшіншісі – қайталама нарықтың өтімділігі және халықаралық нарықтармен байланыс. Бағдарлама БЖЗҚ мен KASE базасында бағалы қағаздарды қарызға берудің орталықтандырылған инфрақұрылымын қалыптастыруды, қамтамасыз етілген қысқа сатылымдар институтын енгізуді және маркет-мейкерлерге қойылатын реттеушілік талаптарды жаңартуды көздейді. Сыртқы капиталды тартудағы аса маңызды қадам – қазақстандық акцияларды халықаралық депозитарлық жүйелерге қосу. Бұл шетелдік инвесторлардың транзакциялық шығындарын азайтып, қазақстандық нарықты әлемдік инвесторларға қолжетімді етеді.
Төртіншісі – институттардың сапасы және корпоративтік басқару. Биржада тәуелсіз реттеуші комитет құру, қадағалауды тәуекелге бағдарланған модельге көшіру, кредиторлардың 75%-ының келісімі қажет болатын борышты қайта құрылымдаудың алдын ала келісілген рәсімдерін енгізу және миноритарлық акционерлердің құқықтарын қорғау юрисдикцияға деген ұзақ мерзімді сенімнің негізін қалыптастырады.
Шурмановтың пікірінше, бұл өзгерістердің өзі нарық инфрақұрылымын айтарлықтай жақсарта алады. Алайда оның сапалы өсуі үшін тек ережелерді өзгерту жеткіліксіз, инвесторлар ауқымын кеңейтіп, тартымды құралдар ұсынысын қатар арттыру қажет.
Өсіп келе жатқан инвесторлар базасын жедел дамыту тетіктері
Қазақстанда экономикалық белсенді халық саны мен жинақтау мәдениеті тұрақты түрде өсіп келе жатқанын ескерсек, ұсынылған реформаларды азаматтарды тікелей тарту және нарықты тартымды активтермен толықтыру құралдарымен күшейту маңызды.
«Тиімді құралдардың бірі – корпоративтік сектордағы ынталандыру жүйесін трансформациялау.
Ұлттық компаниялардың негізгі қызметкерлері мен менеджментіне берілетін сыйақылар мен бонустардың бір бөлігін опциондық бағдарламалар мен сол кәсіпорындардың акциялары түрінде берген орынды. Қызметкерлер мен басшылар акционер болған кезде олардың жеке табысы компанияның капиталдандырылуына, табыстылығына және дивидендтеріне тікелей тәуелді болады. Бұл басқару тиімділігін түбегейлі арттырып, бағалы қағаздарды иеленетін бөлшек инвесторлардың табиғи базасын қалыптастырады», – дейді экономист.
Сонымен қатар нарыққа жаңа құралдардың тұрақты түрде келіп отыруы қажет. Шурмановтың айтуынша, барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік акционерлік қоғамдарды қолайлы сыртқы конъюнктураны ұзақ күтпей-ақ, кезең-кезеңімен жария орналастыруға шығару қисынды.
«Жария компания мәртебесі мен биржалық листинг – бизнес-процестер мен есептіліктің барынша ашық болуына және активтердің қайтарымдылығын арттыруға апаратын ең тікелей әрі табиғи жол», – дейді Шурманов.
Болашақтағы бағдар: қолжетімділік пен салауатты бәсекелестік
Бүгінде қазақстандық инвесторлардың жаһандық нарықтарға шығу мүмкіндігі бар, елімізде мықты әрі технологиялық тұрғыдан дамыған отандық брокерлік компаниялар жұмыс істейді. Алайда шетелдік алаңдарға шығу және қызықты халықаралық IPO-ларға қатысу процесі әлі де біршама күрделі, қосымша қадамдарды талап етеді және белгілі бір шығындармен байланысты.
«Сондықтан инвесторлар әрдайым құралдар мен платформалардың кең таңдауына ие болғысы келеді. Ешкім сыртқы ойыншылардың келуін барлық мәселенің жалғыз шешімі деп қарастырмайды. Дегенмен қазақстандық нарыққа Revolut деңгейіндегі озық халықаралық бөлшек брокерлер мен финтех-платформалардың немесе технологиялық азиялық сервистердің келуі бүкіл сектор үшін сапалы катализатор болар еді. Олардың қатысуы салауатты бәсекелестікті күшейтіп, жергілікті қатысушылардың дамуын жеделдетіп, түпкі клиенттер үшін комиссиялар мен тарифтердің айтарлықтай төмендеуіне ықпал етер еді.
Реттеушінің өткен талқылаумен ғана шектелмей, нарық қатысушыларымен де, сарапшылар қауымдастығымен де тұрақты әрі мазмұнды диалогты жалғастыруы маңызды. Нарығымыздың сыйымдылығы әзірге шағын болғанына қарамастан, миноритарлық акционерлер мен бөлшек инвесторлардың мүдделерін сөзсіз басымдыққа қою барлық өзгерістердің негізгі қағидаты болып қалуы тиіс. Тек осындай тәсіл жағдайында қор нарығына деген сенім оның ұзақ мерзімді әрі сапалы өсуінің берік іргетасына айналады», – деп қорытындылады Бауыржан Шурманов.
Дереккөз: Qazaq expert club
