Маңғыстау облысының алты кәсіби суретшісі Моңғолияда өткен ART EXPEDITION – MONGOLIA 2026 «Көшпенділер ізімен» халықаралық арт-экспедициясына қатысты. Бұл туралы SteppeNews.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Халықаралық жоба көшпелі өркениеттің тарихы мен мәдениетін зерделеуге, суретшілер арасындағы халықаралық шығармашылық байланысты нығайтуға және кәсіби тәжірибе алмасуға бағытталды.
Сапар барысында қазақстандық суретшілер Ұлан-Батыр қаласында, Тэрэлж ұлттық паркінде, Архангай аймағында, Орхон алқабы мен Гоби шөлінде пленэр өткізді. Шығармашылық жобаға моңғолиялық кәсіби суретшілер мен халықаралық өнер қауымдастығының өкілдері де қатысты.

Пленэр барысында қатысушылар Моңғолияның табиғатын бейнелеп, көшпенділер мәдениетімен, ұлттық салт-дәстүрімен және тарихи-мәдени мұрасымен жақынырақ танысты. Сонымен қатар бағдарлама аясында көркемөнер галереялары мен ұлттық музейлерге барды.
Қазақ және моңғол суретшілері шығармашылық ізденістерін ортаға салып, өзара тәжірибе алмасты. Халықаралық экспедиция қатысушыларға көшпелі мәдениетті өнер арқылы зерттеп, шығармашылық байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өтті.
