Әлемнің 113 елінен 3000 спортшы қатысып жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары тартысты бәсекелермен жалғасып жатыр. Жарыстың әр күнінде спортшыларымыз ел қоржынына жүлделер салуда. Қазақстан құрамасы ойындардың үшінші күнінің қорытындысы бойынша 12 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Аударыспақтан (эр эңиш) 100 келі салмақта ел намысын қорғаған әлем чемпионы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының екі дүркін жеңімпазы Сырым Ізбасаров байырғы қырғызстандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, үшінші рет жеңіс тұғырына көтерілді.
Аударыспақтың 90 келі салмағында ел үмітін ақтаған Дарын Өткелбай жарыс барысында барлық қарсыласынан басым түсіп, алтын жүлде иегері атанды. Ал аса ауыр салмақта сынға түскен Нұржан Еркінұлы қола медальді қанағат тұтты.
Құсбегіліктен (куш салуу, далба, буркут) Қазақстан құрамасы сапында 9 спортшы жарысқа қатысқан болатын. Олардың төртеуі жеңіс тұғырына көтерілді.
Атап айтқанда, «қаршыға» санатында Серікболсын Жалғасұлы «Жебе» атты құсымен алтын медаль жеңіп алды. «Бүркіт» бойынша Арман Қошқаров «Алғыр» атты қыранымен күміс жүлдеге ие болды. Ал «ителгі» санатында Бақдәулет Бабажан «Ұшқыр» атты құсымен күміс медаль алса, Ерлан Кенжетаев «Ақбалық» атты құсымен қола жүлдеге қол жеткізді.
Ойындар бағдарламасына көшпенді халықтардың 14 түрлі күресі енгізілген. Жарыстың үшінші күнінде қазақстандық спортшылар самбо мен қырғыз күресінен (кыргыз курөш) өнер көрсетті.
Самбодан Сапар Болат (+98 келі) алтын медаль жеңіп алды. Ал Еркебұлан Нығметов (79 келі) пен Жандос Бейсенбаев (64 келі) қола жүлдегер атанды.
Қырғыз күресінен ауыр салмақта сынға түскен қазақстандық балуан Алмас Жұмағали (+100 келі) ақтық сында қырғыз елінің спортшысына есе жіберіп, күміс медаль иеленді.
Жанкүйерлердің ерекше ықыласына ие болған арқан тартыстан (аркан тартыш) Қазақстан құрамасының спортшылары да кезекті алтын жүлдені қоржынға салды.
Бұған дейін спортшыларымыз «8×8» бағдарламасы бойынша финалда қырғыз елінің командасынан басым түсіп, алтын медаль жеңіп алған еді. Ал бүгін «4×4» бағдарламасының ақтық сынында қазақстандықтар ирандық спортшылармен кездесіп, жеңіске жетті.
Сонымен қатар қол күресінен (армрестлинг) ұлттық құрама мүшелері жоғары нәтиже көрсетіп, 7 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.
Білек күшін алтын жүлдеге айырбастаған спортшылар қатарында Нұрдәулет Айдархан бар. Ол -90 келі салмақта оң және сол қол санаттарының екеуінде де жеңімпаз атанды.
Медет Құттымұратов (+90 келі) та оң және сол қол санаттарында алтын медаль иеленді. Ал Данил Устинов (-80 келі) сол қол санатында топ жарды.
Әйелдер арасында Малена Сыдыкжан (+65 келі) оң және сол қол санаттарында алтын медаль жеңіп алды. Бұл санаттарда оң және сол қол бойынша бөлек медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Айта кетейік, 4 қыркүйекте Қазақстан спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында 21 спорт түрінен жарыс жолына шығады.
Отандық спортшылар көкпар, көкбөрі, аламан бәйге, құнан бәйге, жорға, ұшқыр бәйге, дөнен бәйге, қазақ күресі, гюлеш, гуштини милли гамарбанди, хапсағай, овари, мангала, тоғызқұмалақ, ат марафоны, ордо, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, арқан тартыс, стронгмэн және тазы жарысы бойынша сынға түседі.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 113 елінен келген 3000 спортшы қатысып жатыр. Бәсекелер барысында спортшылар дәстүрлі спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтап, елдерінің намысын қорғауда.
Дереккөз: ҚР Туризм және спорт министрлігі
