Алматыда қыркүйектің алғашқы күндері көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеме артады. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты жолдағы көлік пен жаяу жүргіншілер саны көбейеді. Осыған байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кептелісті азайту және қала тұрғындарының қозғалысын жеңілдету үшін Алматы әкімдігі бірқатар шара қабылдады.
Мектептер мен оқушылар
Оқушыларды тасымалдау үшін қаладағы 60 мектепке 300 мектеп автобусы бөлінді. Олар 13 мыңнан астам баланы тасымалдайды.
1 қыркүйек күні мектептер маңында, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде 470 полиция қызметкері кезекшілік атқарады. Білім беру ұйымдарының жанындағы жол қозғалысын реттеу де күшейтіледі.
Әкімдік ата-аналардан мектепке жеке автокөлікпен барынша жақын келмеуді және мүмкіндігінше балама көлік түрлерін алдын ала қарастыруды сұрайды.
Қоғамдық көлік пен метро жұмысы күшейтіледі
Жаңа оқу жылының алғашқы екі аптасында жолаушылар ағынының артуына байланысты қоғамдық көліктің жұмысы күшейтіледі.
Қаладағы 3200 автобусқа қосымша резервтен 500-ге жуық автобус шығарылады. Бұл жолаушылар көп бағыттардағы автобустар санын көбейтіп, қарбалас уақыттағы қозғалыс аралығын қысқартуға мүмкіндік береді.
Метро желісінде де пойыздар саны 11-ден 13 құрамға дейін арттырылады. Таңғы уақытта пойыздардың қозғалыс аралығы 3 минутқа дейін қысқарады.
Мектептер маңындағы қауіпсіздік күшейтіледі
Оқу жылы қарсаңында әкімдік пен полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарының маңындағы жол инфрақұрылымын тексерді.
Тексеру барысында бағдаршамдар, жол белгілері мен жол таңбаларының жағдайына ерекше назар аударылды. Нәтижесінде 140-тан астам анықталған кемшілік жойылды. Қазір барлық білім беру ұйымдарының маңында қажетті жұмыстар жүргізілген.
Сонымен қатар мектеп аумақтары тәулік бойы бейнебақылауда болады.
Жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады
Қыркүйектің алғашқы аптасында жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейеді.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктерінің белгіленген учаскелерде сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін қозғалуына шектеу қойылған. Бұл талап қала тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті тасымалдарға қолданылмайды.
Кейбір қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуі мүмкін
Қала орталығында орналасқан ірі компанияларға, банктерге және басқа да ұйымдарға қыркүйектің алғашқы күндері қызметкерлердің бір бөлігін уақытша қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру немесе жұмыс уақытын икемді ұйымдастыру ұсынылды.
Ал әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері мен оған қарасты ұйымдар 1-5 қыркүйек аралығында қызметкерлердің бір бөлігін қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру бойынша шаралар қабылдайды. Сонымен қатар қызметкерлерге қоғамдық көлікті пайдалану ұсынылады.
Әкімдік қала тұрғындарына жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, таңғы уақытта жеке автокөлікті мүмкіндігінше аз пайдалануға кеңес береді. Қарбалас кезеңде қоғамдық көлік пен метроны пайдалану көлік жүктемесін азайтуға көмектеседі.
