Алматыда 20–23 тамыз аралығында тревел-блогерлер, журналистер, инфлюенсерлер және туризм саласының мамандары бас қосқан TBEX Asia 2026 халықаралық іс-шарасы өтіп жатыр. Форумға әлемнің әр түкпірінен 250-ден астам автор мен сала өкілі келді. Олардың жалпы аудиториясы шамамен 300 млн адамды құрайды деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Бірнеше күн бойы Алматы халықаралық медиа назарында болып, Қазақстанды миллиондаған әлеуетті туристке таныстыруға мүмкіндік алып отыр. TBEX қатысушылары Instagram, TikTok, YouTube, Facebook, Pinterest, Snapchat, блогтар, подкасттар және онлайн-БАҚ арқылы өз аудиторияларымен саяхат туралы ақпарат бөліседі.
Форум аясында жасалған фото, видео және басқа да контент іс-шара аяқталғаннан кейін де Алматы мен Қазақстанның туристік әлеуетін шетелдік аудиторияға таныстыруға ықпал етеді.
TBEX Asia 2026 қатысушылары арасында миллиондаған оқырманы бар танымал авторлар да бар. Америкалық тревел-блогер Christopher Reese Joondeph (Authentic Traveling) әлеуметтік желілерде 3 млн-нан астам оқырман жинаған. Филиппиндік тревел-инфлюенсер және YouTube-креатор Wil Dasovich-тің Instagram желісінде шамамен 1 млн оқырманы бар. Ал «XXI ғасырдың Ибн Баттутасы» атанған мысырлық саяхатшы әрі тележүргізуші Ahmed Haggag-тың Instagram-дағы аудиториясы 1,3 млн-нан асады.
Осылайша, Алматы бір ғана жарнамалық кампания арқылы емес, әртүрлі елдердегі жүздеген тәуелсіз автордың контенті арқылы халықаралық аудиторияға ұсынылып отыр.
Форматтың ерекшелігі – қала мен елді саяхатшылардың өз көзімен көрсетуінде. Қонақтар Алматының туристік орындарын аралап, фото және видео түсіреді, жергілікті тұрғындармен танысады, ұлттық тағамдардан дәм татып, таулы аймақтарды зерттейді.
«Шынымды айтсам, Қазақстан туралы көп біле бермейтінмін. Бірақ әзірге алған әсерім өте жақсы. Тағамы керемет, ал адамдар өте мейірімді әрі ашық», – деді британдық тревел-блогер әрі экспедиция ұйымдастырушысы Уилл Хаттон.
22 және 23 тамызда Алматыда TBEX Asia 2026-ның негізгі іскерлік бағдарламасы жалғасады. Бағдарламада халықаралық сарапшылардың баяндамалары, тақырыптық сессиялар, туристік бағыттардың таныстырылымдары, кәсіби кездесулер мен нетворкинг іс-шаралары өтеді.
TBEX Asia 2026-ның Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылуы халықаралық туризм индустриясының өңірге және Қазақстанға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Алматы бүгінде туристер үшін тартымды бағыт болумен қатар, жаһандық travel-индустрия өкілдері тоғысатын маңызды алаңға айналып келеді.
