Қазақстан теннис федерациясы әйелдер құрамасының Billie Jean King Cup 2026 командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысатын құрамын жариялады деп хабарлайды SteppeNews.kz, Liter.kz сайтына сілтеме жасап.
Турнирдің шешуші ойындары 22–27 қыркүйек аралығында Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы Shenzhen Bay Sports Center Arena кешенінде өтеді. Қазақстандық теннисшілер әлемдегі ең беделді әйелдер командалық турнирінің басты жүлдесі үшін бақ сынайды.
Ұлттық құраманың қатарына тәжірибелі әрі әлемдік рейтингте жоғары тұрған спортшылармен бірге жас теннисшілер де енді:
- Елена Рыбакина – WTA рейтингінде №2;
- Анна Данилина – жұптық сында әлемнің №6 ракеткасы;
- Юлия Путинцева – WTA рейтингінде №81;
- Жібек Құламбаева – жұптық сында №115;
- Соня Жиенбаева – WTA рейтингінде №735.
Ұлттық құраманың капитаны қызметін бұрынғыдай Юрий Щукин атқарады.
Қазақстан құрамасы турнирдегі алғашқы кездесуін 23 қыркүйекте әлемдік рейтингте төртінші орында тұрған Испания құрамасына қарсы өткізеді. Ширек финалдық матч Қазақстан уақытымен 14:00-де басталады.
Әр кездесу екі жекелей және бір жұптық матчтан тұрады.
Егер қазақстандық теннисшілер жеңіске жетсе, жартылай финалда Чехия мен Ұлыбритания құрамалары арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі. Турнирдің финалы 27 қыркүйекте өтеді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы биыл сәуір айында өз алаңында Канаданы 3:1 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алған болатын. Ал турнирдің қазіргі чемпионы – Италия құрамасы.
