Астанада үстел теннисінен WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup халықаралық турнирінің ашылу салтанаты өтті. Қазақстанда мұндай деңгейдегі жарыс алғаш рет ұйымдастырылып отыр деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Турнир 15-20 қыркүйек аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Жарысқа әлемнің 29 елінен 160 спортшы қатысуда. Турнирдің жалпы жүлде қоры 300 мың АҚШ долларын құрайды.
Ашылу салтанатына Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты. Ол Қазақстанда үстел теннисінің дамып келе жатқанын атап өтіп, халықаралық жарыстарды өткізудің спорт түрін дамытудағы маңызын айтты.
«Бүгінде Қазақстанда 260 мыңнан астам адам үстел теннисімен айналысады, оның 10 мыңнан астамы – кәсіби спортшы. Спортшыларымыз халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғап жүр. Сонымен қатар Қазақстан ірі спорттық жарыстарды өткізу ауқымын жүйелі түрде кеңейтіп келеді. 2024 жылы Астана Орталық Азия қалалары арасында алғаш рет Азия чемпионатын қабылдады. Ал 2027 жылы елімізде әлем чемпионаты өтеді. WTT Star Contender сериясындағы турнирді өткізу – Қазақстанның әлемдік үстел теннисіндегі орнын нығайту жолындағы тағы бір маңызды қадам. Бұл – спортшыларымыз үшін өз алаңында әлемнің үздік ойыншыларымен кездесіп, мол тәжірибе жинауға және шеберлігін шыңдауға берілген үлкен мүмкіндік», – деді Ербол Мырзабосынов.

Министр Қазақстанның халықаралық спорттық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін және жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге қажетті жағдай жасауға дайын екенін атап өтті.
WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup World Table Tennis ұйымының ресми күнтізбесіне енгізілген. Жарыстың халықаралық құқық иесі – Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) аясында жұмыс істейтін World Table Tennis ұйымы.

Қазақстандағы турнир Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Nomad Table Tennis Academy ұйымдастыруымен өткізіліп отыр.
Жарысқа әлемдік үстел теннисінің жетекші спортшылары қатысуда. Олардың қатарында Қытай өкілі Ван Иди, Франция спортшысы Алексис Лебрен, Германия өкілдері Данг Цю мен Дмитрий Овчаров, словениялық Дарко Йоргич, сондай-ақ жапониялық Сацуки Одо мен Миу Хирано бар.
2015 жылғы әлем чемпионатының жекелей сындағы күміс жүлдегері Фанг Бо Nomad Table Tennis Academy құрамында Қазақстан атынан өнер көрсетеді.
Қазақстан құрамасы сапында Кирилл Герасименко, жастар арасындағы әлем чемпионы Алан Құрманғалиев, Зәуреш Акашева және Сарвиноз Миркадырова сынға түседі.
Жарыс бес санат бойынша өтеді: ерлер және әйелдер арасындағы жекелей сын, ерлер және әйелдер арасындағы жұптық сын, сондай-ақ аралас жұптық сын.
Айта кетейік, Қазақстан үстел теннисінен ірі халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесін кеңейтіп келеді. 2024 жылы Астана Азия чемпионатын қабылдап, Орталық Азияда мұндай деңгейдегі жарысты өткізген алғашқы қала болды. Ал 2027 жылы Қазақстан үстел теннисінен әлем чемпионатын қабылдайды.
Келесі материал: KAYO T2 Cross 172 мотоциклі: техникалық ерекшеліктері мен мүмкіндіктері
