Алматыда 27 қыркүйекте мерейтойлық Almaty Marathon өтеді. Биылғы жарысқа әлемнің 60-тан астам елінен 16 мың қатысушы келеді. Бұл туралы SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Марафонға Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Ұлыбритания және басқа да мемлекеттерден желаяқтар қатысады. Олардың қатарында Буэнос-Айрес, Сан-Паулу, Окленд, Сидней, Кейптаун, Ванкувер және Торонто сияқты алыс қалалардан келетін спортшылар да бар.
Биылғы марафонның арнайы қонағы – 2018 жылы Бостон марафонында жеңіске жеткен жапониялық танымал жүгіруші Юки Каваучи. Қазақстанға алғаш рет келетін спортшы Алматыда 42,2 шақырымдық марафон қашықтығын бағындырады.
Мерейтойлық жарысқа орай барлық қашықтықтың бағыттары жаңартылды. Биыл алғаш рет марафоншылар 42,2 шақырымды бір айналыммен жүгіріп өтеді. Жарыс Абай алаңынан басталып, Республика алаңында мәресіне жетеді.
Қазір 42,2 және 21,1 шақырымдық қашықтықтарға тіркелу жалғасып жатыр. Қатысуға ниеттілер марафонның ресми сайты арқылы өтінім бере алады.
Келесі материал: Туризм арқылы Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс қалай нығайып келеді
