Қазақстандық оқушылар FIRST LEGO League Hong Kong Championship 2026 халықаралық робототехника чемпионатында табысты өнер көрсетіп, ел қоржынына бірнеше беделді марапат салды деп хабарлайды SteppeNews.kz, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Биылғы додаға әлемнің 30-дан астам мемлекетінен 120 үздік команда мен 900-ден астам оқушы қатысты. Робототехника мен STEM-білім беру саласындағы беделді халықаралық жарыста Алматы қаласының екі командасы жүлделі орындарға ие болды.

PhysTech School Almaty мектебінің «PEAK» командасы чемпионаттың ең жоғары марапаттарының бірі – 1st Runner-Up атағын жеңіп алды. Бұдан бөлек, команда ең креативті көрме аймағы үшін табысталатын Most Innovative Booth Award арнайы жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ Robot Game кезеңінде 6-орынға тұрақтап, әлемнің үздік командаларының қатарынан көрінді.
Команда құрамында Бектемиров Ерасыл, Хегай Виктор, Орман Ануар, Пак Ильсон, Хайрулла Айкен және Стяжкина Тамина өнер көрсетті. Жетекшісі – Берікпол Мақсат Асқарұлы.
Ал «Future Axions 218» командасы Invitational санатында 2nd Runner-Up нәтижесін көрсетіп, халықаралық командалар арасында жүлделі орынға ие болды.

Команда сапында №218 келешек мектебінің оқушылары Заманбек Ринат пен Қалиасқар Іңкәр, сондай-ақ №24 лицейдің оқушылары Тұрсын Медина Сәбитқызы мен Тұрсынбек Әдия Жанболатқызы бақ сынады. Команданың менторы – Қарағол Бақкелді Бегжанұлы.
Қазақстандық оқушылардың бұл жетістігі елімізде STEM-білім беру мен робототехника бағытындағы жұмыстардың нәтижелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Соңғы жылдары мектептерде робототехника кабинеттері ашылып, инженерлік және цифрлық дағдыларды дамытуға арналған білім беру бағдарламалары кеңінен енгізілуде.

Халықаралық жарыстардағы жоғары нәтиже қазақстандық оқушылардың кәсіби даярлығы мен шығармашылық әлеуетін айқындап, еліміздің білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін әлемдік деңгейде танытуға ықпал етеді.
