Алматыда ағаш басып қалған бойжеткен көз жұмды, деп хабарлайды SteppeNews.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Алматыдағы Баум тоғайында ағаш құлап, ауыр жарақат алған бойжеткен ауруханада қайтыс болды. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін екі апта бойы күрескен.
Қалалық №4 клиникалық аурухананың мәліметінше, зардап шеккен қыз 27 маусым күні медициналық мекемеге өте ауыр жағдайда жеткізілген. Ол осы уақыт бойы анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде ем қабылдаған.
Дәрігерлер пациенттің өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті емдік және диагностикалық шараларды жүргізген. Реаниматологтар мен орта буын медицина қызметкерлері оның жағдайын тәулік бойы бақылауда ұстаған.
Алайда емдеу шараларына қарамастан, 14-ші күні бойжеткеннің жүрегі тоқтап қалған. Жүргізілген реанимациялық әрекеттер нәтиже бермей, дәрігерлер оның биологиялық өлімін тіркеді.
Оқиғадан кейін Алматы қалалық полициясы бойжеткеннің дене жарақатын алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
