Алматының 43 мыңнан астам тұрғыны әлі күнге дейін ескі көппәтерлі үйлерде тұрып жатыр. Олардың көпшілігі пайдаланудың нормативтік мерзімінен әлдеқашан асып кеткен.
Қазақстандағы сейсмикалық қауіптілігі жоғары қалалардың бірі үшін бұл тек қалалық ортаны жаңарту мәселесі ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне де тікелей қатысты.
Неліктен реновация бағдарламасының жүзеге асырылуы әзірге жоспарланған қарқыннан баяу жүріп жатыр және оған қандай факторлар кедергі келтіруде? Бұл туралы Qazaq Expert Club құрылыс саласының сарапшысы Диляра Сейтнұрова түсіндірді.
Оның айтуынша, бүгінде Алматыда 1366 ескі әрі сейсмотұрақтылығы талапқа сай емес көппәтерлі тұрғын үй бар. Оларда 14 430 пәтер орналасқан және 43 мыңнан астам адам тұрады.
Сонымен қатар, 71 үй тікелей тектоникалық жарылымдардың үстінде орналасқан, ал тағы 192 үй болашақ жолдар мен көлік айрықтары салынатын аумақтарға кіреді.
«Әңгіме жай ғана ескі тұрғын үй қоры туралы емес, – дейді Диляра Сейтнұрова. – Бұл үйлердің едәуір бөлігі пайдалану мерзімінен әлдеқашан асып кеткен.
Осы мәселені шешу үшін Алматыда 2024 жылғы қарашада мәслихат бекіткен 2030 жылға дейінгі тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама 676 ескі үйді сүріп, олардың санын 1366-дан 690-ға дейін қысқартуды және шамамен 7500 меншік иесін көшіруді көздейді.
Алайда алғашқы нәтижелер бағдарламаның әзірге жоспарланған қарқыннан баяу жүзеге асып жатқанын көрсетіп отыр».
Сарапшының айтуынша, 2025 жылы 78 үйді бұзу жоспарланғанымен, іс жүзінде шамамен 18 үй ғана сүрілген. Қыркүйек айына дейін жаңа пәтерге 390 адам көшірілген, ал жылдық жоспар – 667 адам болған.
Сейтнұрованың пікірінше, мұндай баяулаудың себептері жүйелі сипатқа ие.
«Қолданыстағы тәртіп бойынша көппәтерлі үйді реновациялау барлық меншік иелерінің келісімінен кейін ғана басталады. Тәжірибеде дәл осы кезең ең күрделі әрі ұзаққа созылатын кезеңге айналады. Бір ғана меншік иесінің қарсылығы бүкіл үйдің, кейде тіпті тұтас кварталдың жобасын тоқтатып қоюы мүмкін», – дейді сарапшы.
Тағы бір фактор – инвесторларға қойылатын жоғары талаптар. Бағдарламаға қатысу үшін құрылыс компаниясы жылжымайтын мүлікті сатып алуға және тұрғындарды көшіруге жеткілікті қаражаты бар екенін растауы, тұрғын үй саласында кемінде екі жылдық тәжірибесі болуы, бұрын кемінде 10 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берген болуы және қаржылық тұрақтылық талаптарына сай келуі тиіс.
«Мұндай талаптар тұрғындар мен қаланың мүддесін қорғайды, өйткені жобаларды тек қаржылық тұрғыдан тұрақты компаниялардың жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Бірақ сонымен бірге әлеуетті инвесторлар шеңберін едәуір тарылтады», – дейді Сейтнұрова.
Бағдарламаның баяу жүруінің тағы бір себебі – қаржыландыру мәселесі. Бағдарламаның өзінде көрсетілгендей, алдыңғы кезеңдердің басым бөлігі тиісті қаржыландырудың болмауына байланысты толық іске асырылмаған.
Жаңа модель инвесторларға тұрғын үйлерді сатып алу және жаңа тұрғын үй салу үшін қайтарымды мақсатты қарыздар беруді көздейді.
«Бұл – жаңа бағдарламаның алдыңғы бағдарламалардан басты айырмашылығының бірі. Енді бұл қаржылық тетіктің іс жүзінде қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні шешуші рөл атқарады», – дейді сарапшы.
Әзірге бағдарламаның жүзеге асу қарқыны жоспардан төмен қалып отырғандықтан, мыңдаған отбасы әлі де ескі тұрғын үй тізіміне енгізілген үйлерде тұрып, көшу кезегін күтуде.
«Алдыңғы бағдарламалармен салыстыру көрсеткендей, 2030 жылға дейінгі мақсаттарға жету үшін реновация қарқынын едәуір жеделдету қажет болады. 2012 жылдан бері екі алдыңғы бағдарлама аясында 181 үй сүрілген, яғни орта есеппен жылына шамамен 15 үйден ғана», – дейді Диляра Сейтнұрова.
Оның айтуынша, қазіргі бағдарлама алғаш рет заңнамалық базаға, Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына және жеке қаржылық тетікке кешенді түрде сүйеніп отыр. Бұл оны тұрғын үй қорын жаңартудың алдыңғы әрекеттеріне қарағанда әлдеқайда орнықты етеді.
Алайда ендігі басты міндет – бағдарламаның тұрақты қарқынмен орындалуын қамтамасыз ету.
«Бағдарламаның келесі кезеңі шешуші болмақ. Егер нақты көшірілетін үйлердің санын арттырып, көбірек инвестор тарту мүмкін болса, жаңа модельдің шынымен жұмыс істей бастағаны туралы айтуға болады. Ал егер олай болмаса, 2030 жылға дейін қойылған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қосымша күш-жігер мен іске асыру қарқынын жеделдету қажет болады.
Ескі тұрғын үй қорының қаншалықты жүйелі жаңартылатынына қаладағы ондаған мың тұрғынның қауіпсіздігі тікелей байланысты,» – деп түйіндеді Диляра Сейтнұрова.
Дереккөз: Qazaq expert club
