Ыстамбұлда Қазақстан мен Түркияның жас мамандарын біріктірген Kazakhstan-Türkiye Youth Bridge халықаралық жастар жобасы басталды. Жоба екі ел жастары арасындағы кәсіби байланысты күшейтіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беруге бағытталған. Бұл туралы SteppeNews.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Іс-шараға Қазақстаннан жас сәулетшілер мен осы саладағы білім беру ұйымдарының өкілдері қатысуда. Бағдарлама барысында олар түрік сәулетінің қалыптасу тарихымен танысып, Осман дәуіріндегі қала құрылысы мен қазіргі сәулет өнеріндегі заманауи үрдістерді зерттейді.
Қатысушыларға Осман сәулетінің алғашқы және классикалық кезеңдері, Түркия Республикасының құрылуы және Ыстамбұл сәулетінің заманауи даму бағыты туралы дәрістер өткізіледі. Теориялық сабақтар практикалық жұмыстармен толықтырылады.

Жас мамандар Ыстамбұлдағы тарихи орындар мен сәулет нысандарына барып, қаланың сәулеттік келбеті мен мәдени мұрасын зерделейді.
Жоба аясында арнайы шеберлік сабағы да ұйымдастырылып, қатысушылар өздерінің кәсіби жобаларын ұсынып, пікір алмасады.

Kazakhstan-Türkiye Youth Bridge 23-29 тамыз аралығында өтеді. Жоба қорытындысы бойынша қатысушылардың кәсіби тәжірибесін арттырып, жаңа байланыстар орнатуына және Қазақстан мен Түркия арасындағы жастар ынтымақтастығын кеңейтуге мүмкіндік беріледі.
