7 қыркүйектен бастап салымшылар міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін жеке басқарушыларға бере алады.
ИПБ-ға жинақтың толық сомасын беру мүмкіндігі салымшының таңдауын кеңейтеді, бірақ сонымен бірге қателіктің құнын да арттырады. Сондықтан алдымен ИПБ қандай стратегия ұсынатынын және оның қандай тәуекелге байланысты екенін түсініп алу қажет.
1. Сізге қандай инвестициялық стратегия сәйкес келетінін анықтау
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ИПБ үшін портфельдерді бағалаудың жаңа жүйесі – Ki(12), Ki(36) және Ki(60) қолданылады. Олар тәуекел деңгейі және басқарушының ең төменгі кірістілігі бағаланатын кезең бойынша ерекшеленеді.
Айырмашылықты ИПБ нәтижесі салыстырылатын бағдардағы акциялар мен облигациялардың арақатынасы арқылы түсіну оңай.
Ki(12) – ең консервативті нұсқа. Оның бағдарында шамамен 20% акциялар нарығына, ал 80%-ға жуығы облигациялық құралдарға тиесілі. Ең төменгі кірістілік 12 ай бойынша бағаланады. Мұндай портфель зейнетке шығуға қанша уақыт қалғанына қарамастан қолжетімді.
Ki(36) нарықтық тәуекелдің айтарлықтай жоғары деңгейін көздейді: бағдардың шамамен 60%-ы акциялар нарығына, ал 40%-ға жуығы облигацияларға байланысты. Ең төменгі кірістілік 36 ай бойынша бағаланады. Бұл нұсқа зейнетке шығуына үш жылдан астам уақыт қалған адамдарға арналған.
Ki(60) – тәуекелі ең жоғары нұсқа: бағдардың шамамен 80%-ы акциялар нарығына, ал 20%-ға жуығы облигацияларға байланысты. Ол зейнетке шығуына 13 жылдан астам уақыт қалған салымшыларға арналған, ал басқарушының ең төменгі кірістілігі 60 ай бойынша бағаланады.
Бұл неліктен маңызды?
Акциялардың ұзақ мерзімді кезеңде жоғары кіріс әкелу әлеуеті бар, алайда олардың құны айтарлықтай құбылуы мүмкін.
Облигациялар, әдетте, құбылмалылығы төмен құралдар саналады, бірақ олардың да өзіндік тәуекелдері бар. Стратегиядағы акциялардың үлесі неғұрлым жоғары болса, ұзақ мерзімдегі әлеуетті кірістілік те соғұрлым жоғары, бірақ зейнетақы жинақтарының құны уақытша айтарлықтай төмендеуі мүмкін.
Сонымен бірге 20%, 60% және 80% деген көрсеткіштер нақты ИПБ портфеліндегі акциялардың міндетті нақты үлесін білдірмейді. Бұл – басқарушының нәтижесі салыстырылатын бағдардың құрылымы.
7 қыркүйектен кейін нақты ИПБ ұсынатын портфельдер жиынтығы өзгеруі мүмкін, сондықтан қаражатты аудармас бұрын БЖЗҚ платформасындағы өзекті ақпаратты тексеру қажет.
2. ИПБ-ларды дұрыс салыстыру: тек кірістілікке қарау жеткіліксіз
Ki жүйесі тек 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, сондықтан тамыз айындағы жағдай бойынша Ki(12) бойынша да толық тарих қалыптасқан жоқ, ал Ki(36) және Ki(60) туралы айтуға әлі ерте. Демек, бүгін жаңа стратегиялар аясында қай басқарушының «жақсырақ» екенін сенімді түрде айту мүмкін емес.
Сонымен қатар барлық ИПБ-ны бір-бірімен тікелей салыстыруға болмайды. BCC Invest, Сентрас Секьюритиз және Halyk Finance қазір Ki(12) бойынша, Alatau City Invest пен Tansar Capital – Ki(36) бойынша жұмыс істейді. Бұл ретте Tansar зейнетақы активтерін басқаруды тек 2026 жылғы 8 сәуірде бастады. Ал жаңа аударымдарды қабылдайтын басқарушылар арасында Ki(60) қазіргі уақытта мүлдем ұсынылмаған.
Сондықтан өткен кезеңдегі кірістілікті басқарушы туралы қосымша ақпарат ретінде ғана қарастырған жөн, оны таңдау үшін негізгі өлшем ету дұрыс емес. 2024–2025 жылдардағы кірістілікті қазіргі Ki-стратегиясының нәтижесі деп санауға болмайды, өйткені ол кезде бұл жүйе әлі қолданылмаған.
Салыстыру кезінде мыналарға назар аудару қажет:
-Портфельдің нақты құрамы. invest.enpf.kz сайтынан ИПБ қаражатының қанша бөлігін облигацияларға, акцияларға, ETF-терге және инвестициялық қорларға салғанын көруге болады. Бұл басқарушының қандай тәуекел есебінен кіріс алып отырғанын түсінуге мүмкіндік береді.
-Валюталық құрылым. Шетел валютасындағы активтердің үлесі неғұрлым жоғары болса, теңге бағамының өзгеруі нәтижеге соғұрлым қатты әсер етуі мүмкін. Салымшы бұл қосымша тәуекелді түсінуі керек.
-2026 жылдың басынан бергі аралық кірістілік. Бір Ki бойынша жұмыс істейтін және оны бір күннен бастап қолданған басқарушыларды осылай салыстыруға болады. Бұл бірдей кезеңде кімнің жоғары нәтиже көрсеткенін көруге мүмкіндік береді, бірақ ұзақ мерзімді перспективада кімнің жақсы басқаратыны туралы қорытынды жасауға әлі жеткіліксіз.
3. Комиссияны тексеру
ИПБ инвестициялық кірістен комиссиялық сыйақы алады және басқарушылардың мөлшерлемелері әртүрлі. БЖЗҚ-ның қолданыстағы тізіліміне сәйкес, мысалы, Сентрас Секьюритиз комиссиясы – 1%, Alatau City Invest пен Halyk Finance – 5%-дан, BCC Invest пен Tansar Capital – 6%-дан.
Бұл жерде әңгіме бүкіл зейнетақы жинағы сомасының 1–6%-ы туралы емес, инвестициялық кірістен алынатын комиссия туралы болып отыр.
Тек комиссиясы ең төмен болғаны үшін ИПБ таңдау да дұрыс емес. Бірақ екі басқарушының тәуекел деңгейі салыстырмалы және нәтижелері бір-біріне жақын болса, комиссия орынды қосымша өлшемге айналады.
4. Жинақтың барлық 100%-ын беруге асықпау
7 қыркүйектен бастап салымшы міндетті зейнетақы жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін ИПБ-ға беруге құқылы болады. Бірақ бұл – рұқсат етілген ең жоғары үлес, барлық соманы аудару жөніндегі ұсыныс емес.
Қазір бұл әсіресе маңызды, өйткені жаңа стратегиялардың толыққанды тарихы әлі қалыптасқан жоқ. Егер салымшы таңдауына әлі сенімді болмаса, неғұрлым толық статистика жиналғанша күте алады немесе жинақтың тек бір бөлігін ғана ИПБ-ға беріп, қалған бөлігін ҚР ҰБ басқаруында қалдыра алады.
Үлкенірек соманы аудару туралы шешімді жаңа стратегиялардың нәтижелері бойынша жеткілікті тарих қалыптасқаннан кейін қабылдауға болады.
Аударым жасамас бұрын тек әлеуетті кірістілікті ғана емес, қате шешімнің салдарын да бағалау қажет. Егер таңдалған стратегия сәтсіз болып шықса немесе нарық айтарлықтай төмендесе, сіздің зейнетақы жинақтарыңыздың қандай бөлігі осы шешімнің ықпалына түседі?
5. Бір жылғы нашар нәтиже үшін ИПБ-ны бірден ауыстырмау
ИПБ-ны ауыстыруға немесе жинақты Ұлттық банктің басқаруына қайтаруға бір жылдан ерте болмайды. Бірақ бұл мерзім барлық стратегиялардың нәтижесін бағалау үшін жеткіліксіз. Ki(36) және Ki(60) бойынша толыққанды бағалау тиісінше 36 және 60 айлық кезеңде ғана мүмкін болады.
ИПБ-ның теріс айырманы өтеуінің қолданыстағы тетігі де басқарудың толық тиісті кезеңіне – қатарынан 12, 36 немесе 60 айға байланысты.
Сонымен бірге ИПБ жауапкершілігін зейнетақы жинақтары ешқашан төмендемейді деген кепілдік ретінде қабылдауға болмайды. Басқарушы өз нәтижесінің тиісті бағдарға қатысты белгіленген ең төменгі кірістілік деңгейінен төмен болуына жауап береді.
Егер нарықтың өзі төмендесе, басқарушы ең төменгі кірістілік талаптарын формалды түрде орындаған күннің өзінде салымшы теріс нәтиже алуы мүмкін. Сондықтан алдымен не болғанын түсіну қажет: нақты басқарушы нашар жұмыс істеді ме, әлде тиісті нарықтың өзі төмендеді ме.
Соңында ең басты кеңесімді атап өткім келеді: зейнетақы инвестицияларын күн сайын басқарудың қажеті жоқ. ИПБ рейтингін үнемі бақылап, кезекті көшбасшыға ауыса беру – ең қауіпті мінез-құлық стратегияларының бірі.
Жылына бір-екі рет invest.enpf.kz сайтынан портфельдің нақты құрылымын, акциялар немесе валюта үлесінің бастапқыда өзіңіз қабылдаған деңгеймен салыстырғанда қалай өзгергенін, басқарушының ұқсас стратегия ұстанатын басқа ИПБ-лармен салыстырғандағы нәтижесін, комиссияның өзгерген-өзгермегенін* және таңдалған тәуекел деңгейінің зейнетке шығуға қалған уақытқа әлі де сәйкес келетін-келмейтінін тексеру жеткілікті.
Материал жарияланған күнгі қолданыстағы қағидалар ескеріле отырып дайындалды. Материал әзірленген сәтте зейнетақы активтерін басқару қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін ҚНРДА жобасы «Ашық НҚА» порталында 2026 жылғы 27 тамызға дейін жария талқылауда тұр.
Комиссия мөлшерін ИПБ жыл сайын өзі бекітеді және ол жылына бір реттен жиі өзгертілмейді. Шекті мөлшері – инвестициялық кірістің 7,5%-нан аспайды.
Автор: Венера Жаналина, Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, EconomIQ Telegram-арнасының авторы
