Қазақстандағы барлық онкологиялық орталықтарда саркоманы ерте анықтауға арналған Ашық есік күні өтеді. Онко-ортопед Алматбек Елекбаевтың айтуынша, сүйек пен жұмсақ тіндерді зақымдайтын саркома сирек кездескенімен, аса агрессивті қатерлі ісік түріне жатады, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Онко-ортопед, травматолог Алматбек Елекбаевтың айтуынша, саркома – жұмсақ тіндерде, сүйектерде және қан тамырларында дамитын қатерлі ісік.
«Саркома өте сирек кездеседі. Ол барлық онкологиялық аурулардың шамамен 1 пайызын ғана құрайды. Алайда балалар арасында жиірек анықталады және балалардағы онкологиялық аурулардың 15 пайызына дейін осы дерттің үлесіне тиесілі. Статистика бойынша, 1 миллион адамның ішінде орта есеппен 5 адам ауырады. Қазақстанда жыл сайын 300-500 жаңа жағдай тіркеледі», – дейді дәрігер.
Маманның сөзінше, аурудың ең басты белгісі – ұзақ уақыт басылмайтын ауырсыну. Әсіресе ауырсыну түнгі уақытта күшейіп, көбіне тізе, жамбас және иық сияқты ірі буындардың маңында байқалады.
«Егер ауырсыну ұзақ уақыт сақталса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Ерте диагностика ем нәтижесін айтарлықтай жақсартады», – деген маңызды ескерту жасады Алматбек Елекбаев.
Саркоманы емдеу бірнеше бағытты қамтиды. Оған хирургиялық операция, химиотерапия және сәулелік терапия кіреді.
Дәрігердің айтуынша, қазіргі медицинаның мүмкіндіктері көптеген жағдайда аяқ-қолды аман сақтап қалуға мүмкіндік береді.
«Заманауи технологиялардың арқасында науқастардың 95 пайызында буынды сақтап қалуға болады. Ол эндопротездеу және арнайы металл конструкцияларын қолдану арқылы жүзеге асырылады», – деді маман.
Оның мәліметінше, Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында жыл сайын ірі буындарды эндопротездеу бойынша шамамен 50 операция және буынды сақтауға бағытталған 40-қа жуық күрделі ота жасалады.
Маман саркоманың нақты алдын алу тәсілі жоқ екенін атап өтті. Дегенмен дұрыс тамақтану, белсенді өмір салтын ұстану және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау ауру қаупін төмендетуге әрі емнен кейінгі оңалту кезеңінің тиімді өтуіне ықпал етеді.
Дәрігер өз сөзінде, ең маңыздысы – денедегі ұзаққа созылған ауырсынуды елемей, уақытылы медициналық тексеруден өту екенін атап өтті. Өйткені ерте анықталған дертті емдеу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары.
18 шілде, сенбі күні еліміздегі барлық онкологиялық орталықтарда Саркома туралы ақпараттандыру айлығы аясында Бірыңғай Ашық есік күні өтеді.
Қабылдау уақыты: 09:00-ден 15:00-ге дейін.
