Алматыда IBI цифрлық экономикасының Қазақстандағы штаб-пәтері ресми түрде ашылды. Жаңа орталық Қазақстан мен Қытай арасындағы цифрлық экономика, жасанды интеллект және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға арналған тұрақты алаңға айналмақ. Форум аясында екі ел өкілдері бірлескен жобалардың жаңа бағыттарын талқылады, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Іс-шара IBI штаб-пәтеріне ұйымдастырылған экскурсиядан басталды. Қатысушылар компанияның қызметі, цифрлық шешімдері және Қазақстандағы алдағы жобаларымен танысты. Одан кейін ресми ашылу рәсімі өтіп, штаб-пәтердің қызыл лентасы қиылды.

Салтанатты жиынға Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдарының, салалық қауымдастықтардың, жетекші компаниялардың, инвестициялық және қаржы ұйымдарының, сондай-ақ сарапшылық ортаның 150-ден астам өкілі қатысты.
Форум аясында Қазақстандағы IBI цифрлық экономикасының штаб-пәтерімен қатар кәсіпорындардың шетел нарығына шығуын қолдауға арналған байланыс орталығының ашылуы өтті. Сонымен бірге стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылып, салалық пікірталастар мен іскерлік кездесулер ұйымдастырылды.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов өз сөзінде қаланың халықаралық инвестициялық ынтымақтастықтағы рөлі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
«Бүгінде Алматыда 6 мыңға жуық қытайлық компания жұмыс істейді. Бұл – Қазақстандағы осындай кәсіпорындардың шамамен 70 пайызы. Алматы қытайлық бизнес, технология және Орталық Азияға инвестиция тартудың маңызды орталықтарының біріне айналып келеді. Әкімдік ұзақ мерзімді көзқараспен келетін инвесторлар мен технологиялық компаниялар үшін сенімді серіктес болуға дайын», – деді Олжас Смағұлов.
Оның айтуынша, жаңа бастама «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы цифрлық экономиканы дамытуға, сауда, электронды коммерция және жасанды интеллект бағыттарындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

IBI Group-тың Орталық Азиядағы директоры Yang Xiao Ping компанияның өңірдегі негізгі мақсаты жасанды интеллект технологияларын Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне енгізу екенін айтты.
«Біздің басты мақсатымыз – әлемде кеңінен қолданылып жатқан жасанды интеллект технологияларын Қазақстан нарығына бейімдеп енгізу. Сонымен қатар цифрлық шешімдер арқылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, өңір кәсіпорындарының өндірістік тиімділігін арттыруға ықпал етуді көздейміз», – деді Yang Xiao Ping.
Оның айтуынша, IBI Group Қазақстан мен Қытай арасындағы цифрлық байланысты нығайтып, өңірдегі жаңа технологиялық экожүйенің дамуына үлес қосуды жоспарлап отыр.

Іс — шара барысында Алматы қаласының инвестициялық әлеуетіне және Солтүстік Қазақстан облысындағы инвестициялық мүмкіндіктерге арналған таныстырылымдар өтті. Соның ішінде Шал ақын ауданында жүзеге асырылуы жоспарланған қант өндірісі жобасына ерекше назар аударылды. Құны 200 миллион АҚШ долларын құрайтын жобаға Қытай инвестициясын тарту көзделіп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Форум аясында B2B форматындағы іскерлік кездесулер мен консультациялық алаңдар жұмыс істеді. Мұнда қазақстандық және қытайлық компаниялар инвестициялық мүмкіндіктерді талқылап, кәсіпорындардың шетел нарығына шығуы, қаржылық ынтымақтастық және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері бойынша кеңес алды. Сондай-ақ компания өкілдері өз жобаларын таныстырып, ұзақ мерзімді серіктестік орнату мүмкіндіктерін қарастырды.

Шара соңында ұйымдастырушылар Алматыдағы IBI цифрлық экономикасының штаб-пәтері мемлекеттік органдар, бизнес және инвесторлар арасындағы тұрақты ынтымақтастық алаңына айналатынын атап өтті. Жаңа орталық бірлескен жобаларды іске асыруға, цифрлық технологияларды өндіріске енгізуге, инвестиция тартуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тиімді экономикалық байланысты одан әрі дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
Айгерім Бейбітқызы
