1 шілдеде Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында iFLYTEK Open Platform платформасының Орталық Азиядағы ресми таныстырылымы өтті. Жаңа платформа аймақтағы әзірлеушілерге, бизнес өкілдеріне және мемлекеттік ұйымдарға жасанды интеллект технологияларының толық экожүйесіне қол жеткізуге мүмкіндік береді деп хабарлайды SteppeNews.kz.

Платформа базалық жасанды интеллект модельдерінен бастап Agent және MaaS (Model as a Service) платформаларына дейінгі толық AI-инфрақұрылымды қамтиды. Бұл пайдаланушыларға әртүрлі салаларға арналған интеллектуалды шешімдерді әзірлеуге жол ашады.
Сонымен қатар iFLYTEK бизнеске арналған бірқатар практикалық AI-шешімдерін таныстырды. Олардың қатарында интеллектуалды тендерлік жүйелер, корпоративтік білім базалары, көптілді өзара әрекеттесуге арналған құралдар және жасанды интеллект негізіндегі жаңа буын сервистері бар. Бұл шешімдер компанияларға шығындарды азайтып, жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Іс-шара аясында жасанды интеллектке негізделген инновациялық құрылғылар да көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, Guide01 гуманоидты роботы, WallEX Smart Space Assistant ақылды көмекшісі, AI Notebook және басқа да өнімдер туризм, корпоративтік сектор мен мемлекеттік қызметтерде AI технологияларын қолданудың мүмкіндіктерін көрсетті.

Компания өкілдерінің айтуынша, бұл бастама Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып саналады. iFLYTEK өңірдегі әзірлеушілермен, кәсіпорындармен және мемлекеттік ұйымдармен бірлесіп, ашық, инновациялық әрі тұрақты жасанды интеллект экожүйесін дамытуға дайын екенін мәлімдеді.
