2026 жылғы 27 маусым мен 3 шілде аралығында Болгарияның Варна қаласында өткен Еуропалық география олимпиадасында (European Geography Olympiad, EGeo) Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке жетті. Биылғы білім бәйгесіне 13 елден келген 100-ге жуық оқушы қатысты деп хабарлайды SteppeNews.kz, Қазақстан Республикасының Білім министрлігіне сілтеме жасап.
Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстанның ұлттық құрамасы 2 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Құрама сапындағы барлық 9 оқушы жүлдегер атанып, бұл нәтиже Қазақстанның EGeo олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік көрсеткіш болды.

Қатысушылар физикалық, әлеуметтік-экономикалық және аймақтық география бойынша теориялық әрі тәжірибелік тапсырмаларды орындап, картографиялық материалдар мен географиялық деректерді талдау қабілеттерін көрсетті.
Алтын медаль иегерлері:
- Андрей Енбахтов – Қостанай қаласындағы NIS физика-математика бағытындағы мектебінің 11-сынып оқушысы;
- Сырым Амантай – Қарағанды облысындағы Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.
Күміс медаль иегерлері:
- Дарын Бекбол – Жетісу облысы, Талдықорған қаласындағы Мұхтар Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейдің 10-сынып оқушысы;
- Азамат Жұмажанов – Ақтөбе облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;
- Айдос Серікбай – Алматы облысы, Есік қаласындағы А. Малькеев атындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
- Шыңғыс Мурсалим – Павлодар қаласындағы NIS физика-математика бағытындағы мектебінің 11-сынып оқушысы;
- Нұрай Бакеева – Солтүстік Қазақстан облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.
Қола медаль иегерлері:
- Әмір Дарынов – Шығыс Қазақстан облыстық «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы;
- Алан Козленко – Шығыс Қазақстан облыстық «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы.
Ұлттық құраманы олимпиадаға IQanat High School of Burabay мектебінің география пәні мұғалімі Нұрмағамбет Данат Мұратұлы мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Шайхина Орал Бекболатқызы дайындады.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстан құрамасы осы олимпиадада 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алған болатын. Ал биылғы нәтиже ел құрамасының жарыс тарихындағы ең жоғары көрсеткіш ретінде тіркелді.
