Курчатов қаласында қуаты 700 МВт болатын жаңа конденсациялық электр станциясының (КЭС) құрылысы ресми түрде басталды. Жобаның іске қосылуына орай уақыт капсуласын салтанатты түрде қалау рәсімі өтті деп хабарлайды SteppeNews.kz, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар Қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, жаңа станция елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге, электр қуаты тапшылығының алдын алуға, сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы құны 759 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2026–2032 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Станция іске қосылғаннан кейін жылына 5 млрд кВт·сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді деп жоспарланып отыр.
Қазақстанда көмір генерациясын дамытуға арналған Ұлттық жоба аясында жалпы қуаты 7,8 ГВт болатын жаңа және жаңғыртылатын энергетикалық нысандар іске қосылады. Соның ішінде сегіз жаңа электр станциясын салу көзделген.
Бағдарлама аясында Курчатовтағы КЭС-тен бөлек, Екібастұз ГРЭС-3 (2640 МВт), Қарағанды ЖЭС-і (350 МВт), Екібастұз ЖЭС-і (180 МВт), сондай-ақ Жезқазған (500 МВт), Көкшетау (240 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен (360 МВт) қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу жоспарланған.
