Қытайдың Шанхай тарихи музейінде Алматы қаласы музейлер бірлестігінің «Бабалар мұрасы – дәстүр сабақтастығында» атты халықаралық көрмесі салтанатты түрде ашылды. Жоба Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулдығы және Шанхай қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Көрменің басты мақсаты – қазақ халқының бай тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау және Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту.
Экспозицияға Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорынан 100-ге жуық бірегей жәдігер қойылған. Олардың қатарында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін бейнелейтін этнографиялық бұйымдар, архивтік материалдар, тарихи фотосуреттер және ұлттық музыкалық аспаптар бар. Келушілердің ерекше қызығушылығын XIII ғасырда Алматыда соғылған күміс дирхемдер тудырды.

Көрменің интерактивті бөлімінде арнайы QR-кодтар арқылы қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының үнін тыңдауға мүмкіндік жасалған. Бұл келушілерге қазақ мәдениетімен жақынырақ танысуға жағдай туғызады.
Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықованың айтуынша, Қазақстан мен Қытайды ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының ортақ тарихи мұрасы байланыстырып келеді. Бүгінгі мәдени жобалар осы сабақтастықты жалғастырып, екі халық арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді.

Айта кетейік, көрменің ұйымдастырылуына Алматы мен Шанхай қалаларының бауырластық байланыстары негіз болды. Бүгінде екі мегаполис мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді.

«Бабалар мұрасы – дәстүр сабақтастығында» халықаралық көрмесі Шанхай тарихи музейінде 2026 жылдың 30 тамызына дейін жалғасады.
