Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші турда Өзбекстан құрамасы Португалияға 0:5 есебімен есе жіберді. Криштиану Роналду бастаған еуропалық ұжым бұл кездесуде өз басымдығын толық көрсетіп, сенімді жеңіске жетті деп хабарлайды SteppeNews.kz, Zakon.kz сайтына сілтеме беріп.
Матч аяқталғаннан кейін Өзбекстан құрамасының бас бапкері Фабио Каннаваро ойынға қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, жіберілген ерте голдар команданың жоспарын бұзып, жағдайды қиындатып жіберген.
«Ойынның басында гол өткізіп алсаң, бәрі күрделене түседі. Дегенмен біз алға жылжып келеміз және дамып жатырмыз. Енді келесі матчқа дайындалуымыз керек. Әрине, бес гол жіберіп алу тым көп. Жігіттерге матчты жақсы бастау маңызды екенін айттым, бірақ Португалия секілді қарсыласқа қарсы ойнау оңай емес. Голымыздың есептелмей қалғаны өкінішті болды, ол бізге қосымша серпін беруі мүмкін еді. Колумбия мен Португалия әлемдегі ең мықты құрамалардың қатарында. Бұл турнир біз үшін үлкен тәжірибе», – деді маман.
Соған қарамастан Каннаваро шәкірттеріне ризашылығын білдіріп, олардың соңына дейін күрескенін атап өтті.
«Ойыншыларымды мақтан тұтамын. Ешқайсысы берілген жоқ. Алда Азия кубогы бар, сол турнирде өзімізді жақсы жағынан көрсетуге тырысамыз. Әлем чемпионатына қатысудың өзі бізге үлкен тәжірибе беріп жатыр. Мұндай деңгейдегі футболшыларға қарсы ойнау әрдайым қиын», – деді ол.
Ал команда капитаны әрі Түркия чемпионатындағы үздік сұрмергендердің бірі Элдор Шомуродов жанкүйерлерден кешірім сұрады.
«Алаңда бар күшімізді салдық. Бірақ кейде мұндай қарсыластарға қарсы тек талпыныс жеткіліксіз болады. Португалия құрамасында жеке шеберлігі өте жоғары футболшылар көп. Жанкүйерлерден бұл нәтиже үшін кешірім сұраймыз. Енді Конгоға қарсы ойынға тыңғылықты дайындаламыз. Егер бәрі сәтті болса, жеңіс үшін барымызды саламыз», – деді шабуылшы.
Өзбекстан құрамасы топтық кезеңдегі соңғы матчын 28 маусым күні Конго Демократиялық Республикасына қарсы өткізеді. Қазіргі уақытта өзбек футболшылары екі турдан кейін ұпай еншілей алмай, өз тобында соңғы орында тұр.
