Түркістан облысында инвестициялық белсенділік жылдан-жылға артып келеді. Өңір құрылған уақыттан бері экономиканы дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді деп хабарлайды SteppeNews.kz, Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соңғы сегіз жыл ішінде облыс экономикасына жалпы көлемі 7 трлн 570,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткішке өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту және кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған кешенді шаралардың нәтижесінде қол жеткізілген.
Түркістан қаласының рухани әрі туристік орталық ретінде қарқынды дамуы да инвестиция көлемінің ұлғаюына оң әсер етті. Соның арқасында өңірге отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 трлн 745,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 4,5 есе жоғары. Салыстырмалы түрде айтқанда, сегіз жыл бұрын өңірге тартылған инвестиция көлемі 314,1 млрд теңгені құраған болатын.
Биыл да оң динамика сақталып отыр. 2026 жылдың алғашқы бес айында облыс экономикасына 614,2 млрд теңге инвестиция бағытталды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 150,5 пайызға артық. Ал былтырғы бес айда инвестиция көлемі 387,8 млрд теңге болған.
Өңірге шетелдік капитал тарту жұмыстары да нәтижесін беруде. 2025 жылдың қорытындысында Түркістан облысына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларына жетіп, жоспарланған межеден асып түсті.
Алдағы уақытта облыста жалпы құны 369 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс көлемін арттыруға және өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Түркістан облысында инвесторларға арналған қолайлы орта қалыптасқан. Өңірде «Turan» арнайы экономикалық аймағы, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы, индустриялық аймақтар мен шағын өндірістік парктер жұмыс істейді. Бұл алаңдар жаңа жобаларды жүзеге асыруға және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға жол ашып отыр.
Мамандардың пікірінше, инвестиция тарту жұмыстары алдағы кезеңде де жалғасады. Негізгі назар жаңа өндірістерді іске қосуға, экспорт көлемін ұлғайтуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобаларға аударылмақ.
