Алматы қаласында Қазақстанның құқық қорғау органдары, арнайы және күштік құрылымдары қызметкерлерінің арасында шағын футболдан өтетін дәстүрлі «Динамиада-2026» турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды SteppeNews.kz.

«Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған бұл дода — елдің құқық қорғау блогы өкілдері арасындағы ең ірі әрі маңызды спорттық шаралардың бірі. Турнирдің басты мақсаты — ведомствоаралық кәсіби іс-қимылды нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және қызметкерлердің физикалық дайындық деңгейін арттыру болып табылады.

Екі күнге созылған тартысты бәсекеде ел қауіпсіздігінің күзетінде жүрген 6 мықты команда бақ сынасты:
- 1-орын: ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «А» арнайы мақсаттағы қызметі (Бас жүлде иегері);
- 2-орын: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ);
- 3-орын: ҚР ҰҚК Шекара қызметі.

Саптық тәртіп пен қызметтік куәліктерді уақытша ысырып қойған погондағы қызметкерлер жасыл алаңда нағыз кәсіби футбол тойын көрсетті. Әрбір матч шиеленісті әрі жанкүйерлер үшін өте қызықты өтті. Екі күнге созылған шиеленісті доданың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ресми түрде арнайы кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.
Шара барысында «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов мырза турнирдің маңызы мен ерекшелігі туралы сұқбат беріп, ойын барысын былай деп түйіндеді:
«Бұл шара — біздің барлық органдардың басын қосатын кәсіби спорттың бір түрі. Футболдың басқа спорттан ерекшелігі — бұл ұжымдық ойын. Біздің құқық қорғау органдарының қызметкерлері футболды өте жақсы көреді, өйткені бұл жерде тек жеке шеберлік емес, ұжымның, команданың қандай екені көрінеді. Сондықтан бұл спорт түрін біз халықтық спорттың бір түрі дейміз және бұндай шараларды үнемі қолдап отырамыз».
Сонымен қатар, Асқар Омарқұлов дәл қазір өтіп жатқан Футболдан Әлем чемпионатына да қатысты өз пікірін білдіріп, дүниежүзі көз тіккен додада Испания мен Германия сияқты мықты құрамалармен қатар, алғашқы матчында лайықты ойын көрсеткен көршілес Өзбекстан құрамасының өнері де ұнағанын атап өтті.

«Динамо» спорт қоғамы — Қазақстан тарихындағы ең көне әрі іргелі спорттық ұйымдардың бірі. Асқар Омарқұлов атап өткендей, спорт қоғамының құрылғанына 100 жылдан астам уақыт болды. Қоғам өзінің ғасырлық мерейтойын өткен жылы ресми түрде атап өткен болатын. Ғасыр бойы бұл ұйым тек құқық қорғау органдарының дене дайындығын шыңдап қана қоймай, Қазақстанның Олимпиада және Әлем чемпиондарын тәрбиелеп шығаратын негізгі спорттық ұстаханаға айналды. Бұл жолғы «Динамиада-2026» мини-футбол турнирі де осы даңқты дәстүрдің заңды жалғасы болып табылады.
Айгерім Бейбітқызы
