Италияда қазақстандық студент мерт болды
21 жастағы қазақстандық студенттің денесі Италияның Бриатико қаласында табылған. Оның денесі жағалаудағы жартастар арасында анықталған. Марқұм Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі болған, — деп хабарлайды SteppeNews.kz. Ол Италияның Кассино қаласындағы Unicas университетінде үшінші курста білім алып жүрген.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ақпаратты растады. Ведомство марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Қазақстанның Италиядағы елшілігі жергілікті құзырлы органдармен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.
Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланысып отыр. Олар қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Қазір Италияның құқық қорғау органдары оқиғаның себептері мен барлық мән-жайды анықтап жатыр.
Бұл жағдай Қазақстан азаматтарының шетелдегі қауіпсіздігі мен құқықтық қорғалу мәселесіне тағы да назар аудартты.
