SteppeNews.kz: 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның IT-қызметтер мен цифрлық өнімдер экспорты $1,1 млрд-тан асты. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш бес еседен астам өсіп, цифрлық секторды елдегі ең қарқынды дамып келе жатқан экспорттық бағыттардың біріне айналдырды.
IT-экспорт шикізаттық экономикалық модельге нақты балама бола ала ма? Бұл сұраққа Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова жауап береді.
«IT-қызметтер экспортының өсуі – Қазақстанның экономикалық өсудің балама көздерін қалыптастыра бастағанының айқын мысалдарының бірі. Егер бірнеше жыл бұрын цифрлық экспорт тар ауқымды бағыт ретінде қабылданса, бүгінде миллиардтаған валюталық түсім әкелетін толыққанды экспорттық сала туралы айтып отырмыз», – дейді сарапшы.
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Astana Hub деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша IT-қызметтер мен цифрлық өнімдер экспорты $1,1 млрд-тан асты. Салыстыру үшін, 2020 жылы IT-экспорт көлемі $200 млн-нан аз болған. Осылайша бірнеше жылдың ішінде сектор бес еседен астам өсті.
«Экономика үшін бұл маңызды құрылымдық өзгеріс. Мұнай, металл немесе ураннан айырмашылығы, цифрлық экспорт табиғи ресурстар өндіруге, күрделі логистикаға және әлемдік шикізат бағасының құбылуына тәуелді емес. Оның негізгі ресурсы – адами капитал, білім мен технологиялар», – деп атап өтті Тілеуленова.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан тек аутсорсинг қызметтерін ғана экспорттамайды. Ең сұранысқа ие бағыттардың қатарына финтех-шешімдер, банктік бағдарламалық қамтамасыз ету, цифрлық платформалар, GovTech сервистері, мобильді қосымшалар, жасанды интеллект негізіндегі шешімдер, деректер аналитикасы, киберқауіпсіздік, сондай-ақ ойын және білім беру IT-өнімдері кіреді.
Қазақстандық цифрлық сервистер қазірдің өзінде әлемнің 100-ден астам еліне экспортталуда. Негізгі нарықтар қатарында АҚШ, Ресей, Сингапур, Еуропа елдері, Таяу Шығыс және Орталық Азия мемлекеттері бар.
«Бұл өте маңызды, өйткені цифрлық экспорт Қазақстанға әлемдік экономикаға тек шикізат жеткізушісі ретінде емес, технологиялар мен зияткерлік шешімдер жеткізушісі ретінде де интеграциялануға мүмкіндік береді», – дейді қаржыгер.
Сарапшы тағы бір маңызды көрсеткіш ретінде цифрлық қызметтер экспорты мен импортының арақатынасын атап өтті.
«IT-сектордың экспорттық түсімі қазірдің өзінде цифрлық қызметтер импортының көлемінен екі еседен астам жоғары. Бұл Қазақстанның біртіндеп оң цифрлық сауда балансын қалыптастырып жатқанын көрсетеді, ал бұл дамушы экономикалар үшін сирек кездесетін құбылыс», – дейді Тілеуленова.
Оның пікірінше, цифрлық экономиканың шикізат салаларымен салыстырғанда тағы бір маңызды артықшылығы бар.
«Дәстүрлі шикізат экспорты бюджет пен теңге бағамын мұнай мен басқа да ресурстардың әлемдік бағасына тәуелді етеді. Ал IT-экспорт басқа модель бойынша жұмыс істейді: ол баға шоктарына азырақ тәуелді, тезірек ауқымдалады және бір қызметкерге шаққанда әлдеқайда жоғары қосылған құн қалыптастырады», – дейді сарапшы.
Сонымен қатар цифрлық сектор сапалық тұрғыдан мүлде басқа еңбек нарығын қалыптастырады. Егер өндіруші салалар капиталды көп қажет ететін әрі жұмыс орындарының саны шектеулі болса, IT инженерлерге, әзірлеушілерге, деректер талдаушыларына, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект мамандарына сұраныс қалыптастырады.
Дегенмен қаржыгер әзірге шикізат экспортын толық алмастыру туралы айтуға ерте екенін атап өтті.
«$1,1 млрд – Қазақстанның ондаған миллиард доллармен өлшенетін мұнай экспортымен салыстырғанда әлі де салыстырмалы түрде шағын көлем. Алайда мұнда тек абсолютті көрсеткіш емес, өсу қарқыны мен қалыптасып жатқан экономиканың сапасы маңызды», – дейді Тілеуленова.
Оның айтуынша, Қазақстан ұзақ уақыттан бері алғаш рет табиғи ресурстар өндіруге емес, білімге, технологияларға және адами капиталға негізделген экспорттық саланы қалыптастырып отыр.
«Егер қазіргі өсу қарқыны сақталса, IT-сектор алдағы 10–15 жылда экономиканы әртараптандырудың негізгі драйверлерінің біріне айналуы мүмкін. Бұл Қазақстан үшін валюталық түсімнің жаңа көздерін қалыптастыруға, экономиканың тұрақтылығын арттыруға және елдің жаһандық цифрлық нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді», – деп қорытындылады Саида Тілеуленова.
