SteppeNews.kz: Алматыда 23 мамыр күні алғаш рет «Almaty Glow Ride» түнгі велошеруі ұйымдастырылады. Ауқымды іс-шара спортты, салауатты өмір салтын және белсенді демалысты насихаттауды мақсат етеді. Осыған байланысты қаланың бірнеше орталық көшелерінде автокөлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілмек. Бұл туралы SteppeNews.kz Kazinform-ге сілтеме берп хабарлайды.
Әкімдік мәліметінше, іс-шараны өткізуге байланысты 23 мамыр күні сағат 20:00-ден 23:30-ға дейін Төле би көшесінде көлік қозғалысы толықтай тоқтатылады. Сонымен қатар сағат 21:45-тен 23:00-ге дейін велошеру қатысушылары колоннасының жүру бағытына қарай Назарбаев даңғылы мен Желтоқсан көшесінде екі бағытта да уақытша шектеулер қойылады.
Велошерудің басталуы сағат 22:00-де Астана алаңында жоспарланған. Қатысушылар Төле би көшесінен бастап, Назарбаев даңғылы, Тимирязев көшесі (қала әкімдігі маңы) және Желтоқсан көшесі арқылы өтіп, қайтадан Төле би көшесіне дейінгі бағыт бойынша жүріп өтеді.
Жалпы саны 3000-ға дейін адам қатысады деп күтіліп отырған шара аясында неонды жарық элементтері, арнайы ойын-сауық бағдарламалары, түрлі байқаулар мен интерактивті белсенділіктер ұйымдастырылмақ. Қаладағы көлік қозғалысын толықтай қалпына келтіру жұмыстары сағат 23:30-ға жоспарланып отыр.
