SteppeNews.kz: Алматыда попкорнға қақалған 29 жастағы ер адам көз жұмды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Syrmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 17 мамыр күні Forum сауда-ойын-сауық орталығындағы кинотеатрда болған. Ер адам бұрынғы сыныптасымен бірге кино көруге келген. Сеанс басталар алдында ол попкорн сатып алған, алайда көп ұзамай соған қақалып қалған.
Туыстарының айтуынша, әуелі оның жағдайы дәретханада нашарлап, құсқан. Кейін өзін жақсырақ сезінетінін айтып, қайтадан кино залына оралған. Алайда арада біраз уақыт өткен соң тамағы жыбырлап тұрғанын және өзін жайсыз сезінетінін айтқан.
Біраздан кейін ер адам жүрегі ауырып тұрғанын айтып, күртесін танысына берген де, есінен танып қалған. Жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнындағылар алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Марқұмның жақындарының пікірінше, жанында тұншығу кезінде дұрыс көмек көрсете алатын адам болғанда, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.
