SteppeNews.kz: Алатаудағы аэротакси бағасы премиум такси тарифімен шамалас болуы мүмкін. Бұл туралы Alatau City Authority мемлекеттік қорының басшысы Алишер Абдыкадыров мәлімдеді, деп хабарлайды SteppeNews.kz Курсив-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, шетелдік тәжірибеге сүйенсек, аэротаксимен ұшу құны бір адамға шамамен әр шақырымға 1 долларды құрайды. Қазақстанда да осыған ұқсас тариф енгізу жоспарланып отыр. Баға сұранысқа байланысты өзгеруі мүмкін.
«Қазір таксиде “Эконом”, “Комфорт”, “Комфорт+” сияқты түрлі тарифтер бар. Аэротакси бағасы солардың ішіндегі ең жоғары санаттағы тарифке жақын болады. Бұл көліктің басты артықшылығы – кептеліссіз, бір нүктеден екінші нүктеге тікелей жетуге мүмкіндік береді», – деді Алишер Абдыкадыров.
Сондай-ақ, вертипорттар тау кластері мен Қапшағай бағытын қамтитыны айтылды. Жаңа көлік түрі туристер үшін де қолайлы болмақ. Олар әуежайдан демалыс аймақтары мен туристік нысандарға жылдам жете алады.
Алдын ала есеп бойынша, Алматы әуежайынан Алатау қаласының орталығына дейінгі ұшу құны шамамен 8 мың теңге болуы мүмкін. Ал Қонаев қаласына дейін бару бағасы шамамен 32 мың теңгені құрайды.
Бұған дейін вице-премьер Қанат Бозымбаев қазақстандықтар 2027 жылдан бастап аэротакси қызметін пайдалана алатынын мәлімдеген еді.
