SteppeNews.kz: ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия елдегі саяси партиялар өкілдерімен маңызды кездесу өткізді. Жиында әйелдердің саяси белсенділігін арттыру және мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіндегі рөлін күшейтудің өзекті мәселелері қаралды. Басқосуға AMANAT, Respublica, Қазақстан халық партиясы, «Ақ жол», «Байтақ», «Ауыл» және ЖСДП партияларының басшылық құрамы мен әйелдер қанатының өкілдері қатысып, ортақ міндеттерді айқындады.
Тараптар әйел кандидаттарды даярлау мен қолдау тетіктерін жетілдіру, саяси тәлімгерлік бағдарламаларын дамыту және мықты кадрлық резерв қалыптастыру мәселелерін кеңінен талқылады. Сондай-ақ өңірлердегі партиялық құрылымдардың жұмысын жандандыру арқылы әйелдердің басқарушылық әлеуетін арттыру қажеттігіне назар аударылды. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдердің саяси өмірге қатысуын кеңейту бағытындағы саясаты дәйекті түрде жүзеге асып жатқаны атап өтілді. Елдің тұрақты дамуы үшін әйелдердің зияткерлік және кәсіби мүмкіндіктерін толық пайдаланудың маңызы зор, ал жаңа Конституция бұл бағытта мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде әйелдер ел халқының 51 пайыздан астамын құрап отыр. Сондай-ақ олар мемлекеттік қызметтің әкімшілік корпусының 56,2 пайызын және PhD ғылыми дәрежесі иелерінің 54 пайызын иеленген. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар саяси партиялар, мемлекеттік органдар мен сарапшылар арасындағы консультативтік байланысты нығайтып, бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
