SteppeNews.kz: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 11 мамырда Пхукет қаласынан (Тайланд) Алматыға медициналық авиация бортымен екі айлық нәресте жеткізілді. Пациенттің жағдайының ауыр болуына, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылуына және тұрақты оттегі қолдауын қажет етуіне байланысты мамандар медициналық эвакуацияны арнайы тасымалдау кювезінде жүргізу туралы шешім қабылдады.
Бұл жауапты миссияны Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының медициналық авиация мобильдік бригадасы жүзеге асырды. Бригада құрамында неонатология департаментінің басшысы Асхат Қуанышбаев, дәрігер Жасұлан Жұмғұлов және фельдшер Болат Шәріпов болып, нәрестенің қауіпсіздігін толық қамтамасыз етті.
Алматы қаласына қонғаннан кейін нәресте әрі қарай мамандандырылған ем алу мақсатында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жатқызылды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық авиация мамандарына медициналық эвакуация барысында көрсеткен жеделдігі, кәсібилігі және үйлесімді жұмысы үшін шынайы алғыс білдіреді. Біз де өз кезегімізде нәрестенің тезірек сауығып, денсаулығының мықты болуын тілейміз.
